АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРА КӘСІПКЕР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАДЫ
Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалында орналасқан прокурор кабинетінде қабылдауда болған жеке кәсіпкер А.Қалжанов жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт алу жөнінде арызданды. Арызды қарауда жергілікті атқарушы органның заңдылықты бұзушылықтарға жол берілгені анықталып отыр, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Ботагөз Сейіл.
Нақтылай кетейік, Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімі 2014 жылдың 11 шілдесінде «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының бойынан құрылыс салу үшін жалпы көлемі 0,50 гектар жер учаскесін сатуға аукцион өткізіп, онда жеке кәсіпкер А.Калжанов жеңімпаз болып танылған.
Осыдан кейін Жаңақорған аудандық жер қатынастары бөлімі мен А.Қалжанов арасында жерді алуға келісім шарт жасалып, кәсіпкер 700 532 теңге жер құнын толығымен төлейді.
Ал оның арызын қарау барысында кәсіпкерлік мақсатта нысані салу үшін жер учаскесіне 2 жылдан астам уақыт бойы жеке меншік құқығын беретін акті алынбағаны анықталды.
Істің созбалаңға салынуына жергілікті атқарушы органның Жер кодексі 48-бабының (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) алу) талабына сәйкес, жер учаскесінің шекарасының айқындалмауы себеп болған.
Орын алған заңсыздықтар бойынша аудандық прокуратура аудан әкімдігіне прокурорлық қадағалау актісін енгізіп, нәтижесінде жеке кәсіпкер А.Қалжановқа жерге жеке меншік құқығы табысталды.