КӨЛІК БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙРЫЛҒАНДАР ҚАЙТА КУӘЛІК АЛҒАН
Байқоңыр қаласындағы қауіпсіздік пен құқық тәртібін сақтауда ресейлік және қазақстандық құқық қорғаушылар бірлесе жұмыс істейді. Қазір олардың алдында тұрған бір мәселе көлік басқару құқығынан айрылғандардың қайта куәлік алуы болып отыр.
Көлікті мас күйде басқару көптеген жол-көлік оқиғасының себепшісі екендігі белгілі. Сондықтан да бұл мәселе қаладағы құқық тәртібі мен қауіпсіздікті қадағалаушылардың басты назарында тұр.
Қос тарап өкілдерінің бірлескен зерттеу жұмыстары біраз мәселені анықтады. Қала қауіпсіздігін бақылайтын Ресей полициясы көлікті мас күйінде жүргізген қазақстандық азаматтардың куәлігін алып қойғанымен олар «Куәлікті жоғалтып алдым» деген желеумен Байқоңыр қаласындағы ҚР ІІМ өкілдігі арқылы жаңасын алатыны анықталған. Айта кетейік. Жоғалтан куәлікті жаңасына ауыстыру туралы ҚР ішкі істер министрінің арнайы бұйрығы 2014 жылдың 2 желтоқсанында қабылданған. Осыны пайдаланған көлік жүргізушілері ресейлік және жергілікті құқық қорғаушыларды алдап келген.
Мысалы, Ш.Н., өткен жылдың 8-тамызында спирттік ішімдік ішкен-ішпегенін анықтайтын медициналық орталыққа тексеруге баруға келісім бермегені үшін Ресей Федерациясы әскери сотының шешімімен куәлігінен айрылады. Алайда, бір айдан соң Байқоңыр қаласындағы ҚР ІІМ өкілдігіне куәлігін жоғалтып алғандығы жөнінде арыз жазып, көп ұзамай оның көшірмесін иеленеген.
Азамат А.С. да куәлігінен заңды түрде айырыла тұра жаңасын алып алған. Байқоңыр қалалық прокуратурасы бұл бағыттағы тексерулерді жалғастыруда.