ШАВКАТ МИРЗИЕЕВ: ШЕНЕУНІКТЕР ТӘУЛІГІНЕ 24 САҒАТ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ
Желілерде өзбек президенті Шавкат Мирзиеевтің қарамағындағыларды сөгіп жатқаны байқалатын аудиожазба тарап кеткен. Осыдан бірнеше күн болған жиында (нақты уақыты белгісіз) Мирзиеев елдегі ахуалға орай бірқатар тапсырмалар берген.
Ол жағдай оңалғанша шенеуніктерді тәулігіне 24 сағат жұмыс істеуге міндеттеді. Билік басындағылар президент рұқсатынсыз үйіне қайтпайды. Мемлекеттік қызметтегілердің жұмысын бақылау үшін арнайы бөлім секілді құрылымдар жұмыс істейді.
«Халықпен диалог жылын неге жариялады деп ойлайсыздар? Бәрі бұрынғыша бола береді деп үміттендіңіздер ме?! Жоқ! Енді бұрынғыдай болмайды. Жұмыс істеңіздер, болмаса орынды босатыңыздар. Сіздер коррупцияға былығып, батпаққа белшеден батып отырсыздар! Кадр жетіспеушілігі біздің басты сорымыз болып отыр. Бірақ екі жыл ішінде қажетті кадрларды әзірлейміз. Жаңа, жас мамандар келеді», - деп мәлімдеді президент.
Президенттің бұл бастамасын қолдап жатқандар аз да, есесіне қарсылар қатары көп.
«Тәулігіне 24 сағат жұмыс істеу деген жәй демагогия. Мирзиеев осы арқылы өзіне қарсыластар қатарын көбейтіп алады. Айғаймен елдегі экономикалық қиындықты еңсере алмайтынын ол түсінуі керек» - дейді Өзбекстандағы көп министрліктің бірінің өкілі. «Фергана» ақпарат агенттігінің дерегінше өз пікірін білдірген бұл азамат аты-жөнінің құпия болып қалғанын қалаған.