МАГИСТРАЛЬДЫҚ ҚҰБЫРЛАРДЫҢ КҮЗЕТ АЙМАҒЫ
Қазіргі таңда мұнай өндірісі ұлғайып, магистральдық құбырларының желілері дамып келеді және тасымалдаудың жаңа түрлері құрылуда. Мұның барлығы қолданыстағы бас құрылғылардың, соның ішінде резервуарлардың, резервуар парктерінің, мұнай және мұнайөнімдерінің тасымалдау жүйесінің қауіпсіз қолданылуы мен кепілділігі өзекті мәселе екендігін көрсетеді.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмау және магистральдық құбырды қауіпсіз пайдалану үшін жағдайлар жасау мақсатында төселім түріне қарамастан оның трассасы бойында, сондай-ақ магистральдық құбыр объектілерінің төңірегінде магистральдық құбырдың қауіпсіздігі жөніндегі техникалық регламент талаптарына сәйкес жергілікті жерлерде арнайы белгілермен белгіленетін күзет аймақтары орнатылады. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті хабарлайды.
Магистральдық құбырлардың күзет аймағы дегеніміз – құбыр объектілеріне іргелес жатқан және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құбыр объектілерін қауіпсіз және үздіксіз пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасауға арналған.
Магистральдық құбырдың күзет аймақтарына орман қорғау аймақтары, ғимараттардың, құрылғылар мен басқа да объектілердің сақталуын, төзімділігі мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшін қажетті жер учаскелері, қызметтік жолдар, сондай-ақ сел қаупі, көшкін қаупі бар аймақтарда және басқа да қауіпті әсерге ұшырауы ықтимал жерлерде орналасқан, магистральдық құбырдың бөлу белдеуіне іргелес жер учаскелері кіреді.
Магистральдық құбырлардың күзет аймақтары шегіндегі жерлер жер пайдаланудың ерекше режиміне жатады. Олар жер учаскелерінің меншік иелерінен, жер пайдаланушылардан алынбайды.
Магистральдық құбырдың күзет аймағында өткелдерді, қара жолдарды және магистральдық құбыр трассасы мен оның күзет аймағын өзге де уақытша немесе тұрақты көлікпен кесіп өтудің орналасу орындарын салуға, бағбандыққа және орман өсіруге, кез келген құрылыстар мен ғимараттар салуға, магистральдық құбырдың меншік иесінің келісімінсіз тау-кен, құрылыс салу, монтаждау және жару жұмыстарын жүргізуге, жерді тегістеуге, ұңғымалар, тік қазбалар орнатуға және топырақ сынамаларын (топырақ үлгілерінен басқа) алуға байланысты геологиялық түсіру, іздеу, геодезиялық және басқа да іздестіру жұмыстарын жүргізуге болмайды.