АРАЛДЫҚ КӘСІПКЕР АЙЫППҰЛ ТӨЛЕМЕЙТІН БОЛДЫ
Филиал директорының айтуы бойынша, осы жылдың наурыз айында Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкер Темірлан Махановты әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде сотқа береді.
Кәсіпкерді сотқа жетелеген мына жайт болып отыр. Темірлан Маханов 2016 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша Қазалы аудандық білім бөлімін 140 090 276 теңгеге дизель отынымен қамтамасыз ету лотын жеңіп алады. Алайда Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы камералдық бақылау барысында кәсіпкерге аталмыш дизель отынына ілеспе жүк құжаты рәсімделмеген деген желеумен хаттама толтырып, Арал аудандық сотына әкімшілік жазаға тартуын сұрап, талап арызбен жүгінеді.
Арал аудандық сотының судьясы Дидар Мұратбекұлы мәселені жіті зерттеп, қарау барысында Мемлекеттік кірістер басқармасының шағымында көрсетілген мәселе бойынша нақты дәлелдеме құжаттары жоқ екендігін, дәлел құжаттары талап арыз беріліп болғаннан кейін жинақталғандығын, оның үстіне Қазалы аудандық білім бөлімінен алынған құжаттар ғана тігілгендігін, қосымша зерттелмегендігін анықтайды. Ал кәсіпкердің қолында сотта кінәсіздігін дәлелдейтін құжаттардың барлығы болған.
Айта кету керек, бұл жерде сотқа қатысқан прокурор да кәсіпкердің кінәсіздігін алға тартып, соттан әкімшілік істі тоқтатуды сұрайды.
Сотта судья және бір жайтқа ерекше назар аударады. Салық, Кәсіпкерлік Кодекстері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы камералдық бақылау барысында анықталған кемшіліктер бойынша кәсіпкерге түсіндірме жұмысын жүргізіп, кәсіпкердің кемшілікті дер кезінде дербес жоюына мүмкіндік беруі тиіс. Алайда Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы атынан сотқа қатысушы Ербол Садықов бұл жайттардың барлығын ескермеген. Сол себепті судья кәсіпкер Темірлан Махановтың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты оған қатысты істі тоқтатуға жатады деген қаулы шығарады.
Мұнан өзге, Арал аудандық сотының судьясы Дидар Мұратбекұлы Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жіберілген өрескел заң бұзушылыққа қатысты жеке қаулы қабылдады.
Судья мұндай жеке қаулы шығаруға Арал аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы лауазымды тұлғаларының кәсіпкерлік субъектісіне қысым көрсету әрекеттері себеп болғандығын жеткізді.
Заңгер Аида Қаюпова кәсіпкер сотта ұтылып қалған жағдайда 140 миллион теңгеге дейін айып төлейтінін, ал Кәсіпкерлер палатасы Арал аудандық филиалы мамандарының дер кезінде құқықтық кеңес беруі кәсіпкерді бұл шығыннан алып қалғандығын жеткізді.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі