ЖОЛСЕРІК ЖОЛАУШЫНЫҢ 2 МЛН ТЕҢГЕСІН ҚАЙТАРЫП БЕРДІ
«Астана-Ақтөбе» бағытындағы №87/88 жүрдек пойызының жолсерігі Ержан Арденов жолаушы ұмытып кеткен 2 млн. теңгені иесіне қайтарып берді, деп хабарлайды «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
«Астана-Ақтөбе» бағытындағы №87/88 жүрдек пойызы діттеген жерге жеткеннен кейін №16 вагонның жолсерігі Ержан Арденов купеден шамамен 2 млн. теңге, банк картасы және басқа да заттар салынған барсетка тауып алады. Осыдан кейін пойыз бастығының қатысуымен акті жасалып, барсетка ішіндегі заттарымен иесіне қайтарылды», - делінген «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Компания ақпаратына сүйенсек, пойыз жолаушылары ақшалары мен құжаттарынан бөлек, ұялы телефон, ноутбук, сағат секілді бағалы заттарын да жиі ұмыт қалдырады екен. Жыл басынан бері өңірлік филиалдар жолсеріктері 18 азаматтың бағалы заттары мен құжаттарын қайтарып берген.