КОМИТЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ ҰСТАЛДЫ
Антикоррупциялық қызмет өкілдері Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі комитетінің басшысының орынбасарын сыбайлас жемқорлыққа қатысты күдікпен ұстады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің азаматтық қоғам жөніндегі комитетінің төрағасының орынбасары Б.Мусинді ұстады, ол мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың мүддесін лоббилегені үшін жүйелі негізде пара алып отырған", - деп хабарлады ведомство өкілдері. Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, Б.Мусин кәсіпкерден параның кезекті 400 мың теңге сомасындағы бөлігін алу үстінде ұсталып, Астана қалалық ІІД уақытша ұстау изоляторына қамалған. Параның жалпы сомасы - 1,4 миллион теңге.
Тергеу жүріп жатыр.