ЕЛДІ АЛДАҒАН АЛАЯҚ ҰСТАЛДЫ
Қызылордалық полицейлер алаяқтықпен айналысып жүрген 34 жастағы қала тұрғынын құрықтады, деп хабарлайды Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі.
Күдікті азаматша өткен жылы Арай мөлтек ауданындағы 3 бөлмелі пәтерді бір күнге жалға алып, оны Тасбөгет кентінің тұрғынына көрсетеді. Осы пәтерді алып бермекке уәде еткен алаяқ Тасбөгет тұрғынынан пәтердің құжаттарын рәсімдеу үшін жалпы 1200000 теңге алған.
2016 жылдың қыркүйек айында Қызылорда қаласында тұратын 1966 жылы туған азаматшаға еш қиындықсыз таныс адамдары арқылы несие алып беремін деп, ол үшін 7000 теңге ақшасын алдап алған.
Көп ұзамай оның торына 45 жастағы келіншек түседі. Алаяқ оған өзінің атынан және жолдасы мен қызының аттарынан несие шығарып беремін деп, 21.000 теңге алады. Артынша осы азаматшаға Арай мөлтек ауданынан 3-бөлмелі пәтерді 1.000.000 теңгеге алып беруге уәде еткен. Және сұраған сомасының 900000 теңгесін алған.
Тағы бір жұмыссыз азаматшаны қаладағы бір мекемеге жұмысқа тұрғызып беремін деп, ол үшін 300000 теңге сұрайды. Алайда ақшасын алғанмен, уәдесінде тұрмаған.
Қазір алаяқтыққа қатысты 6 қылмыс жасаған бұл азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.