СЕНБІЛІК ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ

Облыс әкімі Қ. Көшербаевтың «Облыс елді мекендерінде санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандырудың екі айлығын өткізу туралы» №497-ө өкіміне сәйкес жұмыстар бүкіл ауданда жалғасын тауып жатыр. Сырдың бас қаласында да арнайы кесте бекітіліп, көше тазалау мен шаһарды көркейту-көгалдандыру ісі жүйелі түрде жүзеге асуда.
Бүгін қаладағы Қорқыт Ата, Торайғыров, Жанқожа батыр, Хон Бен До, Әл-Фараби көшелерінде сенбілік ұйымдастырылып, оған қаладағы мекеме, кәсіпорын ұжымдары атсалысты. Тұрғындар да қалыс қалмаған ортақ іске барлығы 3400-ге жуық адам қатысып, қоқыс жинайтын 32 техника жұмылдырылды. Таңертемен басталған сенбілікке жұмылған жұрт арықтар мен тал-дарақтардың маңайын тазалады.
Аймақты абаттандыру бағытындағы бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.
