ДИКТАНТ ЖАЗУ САБАҒЫ ӨТТІ
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай бекітілген «Ұлы Дала Елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі» атты диктант жазу сабағын өткізді. Облыстық іс-шаралар жоспары негізінде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, өскелең ұрпақтың Отанды сүюге, туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара «Болашақ» университетінде өтті. Сабаққа Қызылорда қаласындағы №3, №5, №7, №8, №198 мектептердің орыс тілінде оқитын 9-сынып оқушылары қатысты.
Диктант жазу сабағы басталмас бұрын оқушыларға Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай әзірленген, ширек ғасырда жеткен айтулы жетістіктері қамтылған «Еңбегі ерен, еңсесі биік Сыр елі» бейнеролик көрсетілді. Диктант мәтінінде еліміздің Тәуелсіздікті алғаннан бергі, 25 жылда жеткен жетістіктері туралы айтылды. Диктант жазу сабағына қатысушы 50 оқушының басым бөлігі түрлі этнос өкілдерін құрайды.