ТҰТЫНУШЫЛАР «ТЫҒЫЛМАҚ» ОЙНАУДА
Жылу маусымы басталып кетті. Алайда қала тұрғындары ескі қарызынан құтылуға асығар емес. Бүгінде берешек 300 млн. теңгеге жеткен, дейді құзырлы мекеме өкілдері. Тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүруде, алайда кейбір тұтынушылар қарыз жинауға келгенде «тығылмақ» не «тышқан мен мысық» ойынын ойнайды екен.
«Қазақстан Қызылорда» арнасының хабарлауынша, тұтынушылармен тышқан мен мысық ойынын ойнап шаршаған жылу, жарық, су, пәтер иелері кооперативтері бар мұңын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуді мұрат етіпті. Мәселен, бір ғана Абай даңғылы №47 а,б,в,г деген үйлердің тұрғындарының қарызы шаш етектен. КСК-ға, яғни, тұрғын үйді күтіп ұстауға берешегі 1 млн теңгеден асады, ауыз суға 160 мың теңгеге жуық, жылуға 2 млн-нан асса, электр жарығына қарыздары 353 мың теңгеге жеткен. Мұндай мысалдарды айтып тауыса алмайсыз дейді рейдке шыққан қызмет көрсету орталығының мамандары. Борышкерлер болса, есіктерін ашпайды. «Тығылмақ» ойыны тоқтар емес.