ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛ ҚҰРДАСЫ, ЕРКІН ЕЛДІҢ ҰЛАНЫ – НҰРСҰЛТАН
Тәуелсіз ел - осы бір сөзде елдігімізді көрсететін, халықтығымызды көрсететін ұғым жатыр. Тәуелсіздігімізге 25 жыл толған бүгінгі күні ел ішінде атқарылған жұмыстардың маңызы зор екені бесенеден белгілі. Тәуелсіз Ұлы даланың ұландары ұлағатты, қырандары да еркін самғаса керек-ті. Қазіргі күні көрші елдермен терезесі тең дәрежеде мемлекеттілігімізді танытып отырмыз. Бұның бәрі де Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің инженері Нұрсұлтан да тәуелсіздіктің төл құрдасы. Есімінің өзінің Нұрсұлтан деп қойылуы да еліміздің тәуелсіздік алуымен тұспа-тұс келгендіктен, үлкендер жағының қолдауымен ырымдап аталған екен. Ол 1991 жылы 9 желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданы Аманөткел ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрлан мен анасы Лида қарапайым ауыл адамдары. Отбасында інісі Елдос пен әпкесі Индира ата-анасының көз қуаныштары. Жыл сайын Елбасы Жарлығымен атап өтіліп келе жатқан Отбасы күнінде Нұрсұлтан өз отбасын мақтан тұтатынын айтады. «Өз отбасыма, әке-анама қуантарлық сыйлық жасағанды, қамқор болғанды қалаймын», - дейді ол әңгіме барысында. Нұрсұлтанның келешекке қояр жоспары көп, арманы асқақ. Ол 1998-2003 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектепте, 2003-2007 жылы К.Э.Циалковский атындағы мектепте оқыған. 2007-2011 жыл аралығында Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумда оқып, тәмамдаған. 2011-2016 жылы Ресей Федерациясы Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы қызмет академиясында білім алды. Қазіргі таңда Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы Мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің инженері болып қызмет атқаруда. Иығына лейтенант шенін таққан Нұрсұлтан болашақта генерал болуды армандайды. Лайым, Нұрсұлтанға арманың орындалып, абыроймен қызмет ете бер, тәуелсіз елдің қыраны, айрандай ұйыған отбасының ұлағатты ұланы ретінде білім-біліктілігің мен іскерлігіңді ел игілігіне жұмса дегіміз келеді.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы