ҚАРАКӨЛ ҚОЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЙТА ЖАНДАНАДЫ
Жаңақорғандық шаруалар қаракөл қой тұқымын жаңғырту мен елтірісін илеу кәсібін қайта қолға алмақ. Мұндай жаңалық кент орталығындағы «Ынтымақ» ЖШС базасында өткен аймақтық семинар барысында сөз болды. Осы орайда, қаракөл қой тұқымын қолдан ұрықтандыруды тәжірибе тұрғысынан көрсетуді мақсат еткен ғалымдар өкілі «Ынтымақ» шаруа қожалығы кеңсесінде бас қосты. Көршілес Шиелі мен жергілікті қожалық төрағаларына дәріс оқып, кейін атакәсіпті асылдандыру бағытын арқау еткен семинарға белгілі ғалымдар келді. Алқалы басқосуды жүргізген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов қолда бар мәліметімен бөлісті.
Айта кету керек, жаңақорғандық шаруа қожалық мұндай жаңа бастамаға биылғы жылы Қаратау төрінде өткен «Малшылардың II- слетінде» қол жеткізген болатын. Яғни, Х.Үкібаев жетекшілік ететін «Оңтүстік Асылдандыру орталығы» ЖШС-мен жергілікті шаруашылық құрылым келісімшарт жасасқан еді.