АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҰБТ-ҒА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ
Биыл Қызылорда облысында 6566 оқушы мектеп бітіреді. Оның 69,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестке қатысады. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Қазалы ауданындағы жұмыс сапары барысында түлектердің сынаққа дайындық барысымен танысты.
Қазалы ауданында мектеп бітіруші түлектердің 68,2 пайызы сынақ тапсыруға ниет білдіруде. Сынама тест нәтижесінде олар орташа 82,2 балл жинауда. 17 оқушы «Алтын белгіге», 9-ы «үздік аттестатқа» үміткер. Ауданның 300 оқушысы «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығында ҰБТ дайындықтарын пысықтап қайтты.
– Жан басына шаққанда білімге қаржы бөлуден біз республикада алғашқы аймақтардың қатарындамыз. Бұл болашаққа салынып жатқан инвестиция. Балалардың білім алуына қазір барлық мүмкіндік жасалуда. Тек оны тиімді пайдалану керек. Өмірдегі ең алғашқы үлкен емтихан тапсырғалы отырсыздар. Шын жүректен ақ жол тілеймін, - деді түлектермен кездесуде аймақ басшысы.
Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізуге Әйтеке би кентіндегі №249 мектеп-лицейде 14 аудитория дайын. Барлық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Аудиторияларға бейнебақылау камералары орнатылып, жаңадан 14 дана ұялы байланыс телефондарын тұншықтыру құралдары және 1 рамалы металліздегіш сатып алынған.
Аудан орталығынан қашықтығы 50 шақырымнан аспайтын 10 мектептен келетін 112 талапкер тестілеу өтетін күні тасымалданады. Ал кенттен қашықтығы 50 шақырымнан артық болатын 14 мектептен келетін 98 талапкер тестілеуден бір күн бұрын «Шағала» демалыс орталығына жеткізіледі. Барлық баланың жатын орындары мен тамақпен қамтамасыз ету мәселесі шешілген.
Айта кетейік, өткен оқу жылында облыс түлектері ҰБТ-де 81,7 балл жинап, үздік бес өңірдің қатарына кірді.