ЖЫЛАН ШАҒЫП, ИНСУЛЬТТАН ЖАЗЫЛДЫ
Менің бұл оқиғаны жазуыма құдағиымның айтқан әңгімесі себеп болды.
Келінім Жансая жазда қыз босанған еді. Немеремнің есімін Құралай деп қойдық.
Нәрестені қырқынан шығарғаннан кейін Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан келіннің анасы – құдағиымыз Балжақан Бұқарбаева, келіннің әпкесі Афиза Бекжанова мен бөлесі Нұржайна үшеуі құтты болсын айтып келді. Сонымен дастархан жа¬йылып, әңгіме қызып кетті. Мені және үйдегілерді түгел таңқалдырған әңгімені құдағи осы кезде айтып берді.
«Биыл инсульт алып, оң қолым мен оң аяғым жансызданып қалған еді ғой. Жүріп-тұру қиын, бұрынғыдай емін-еркін қозғалудың өзі арман. Бірақ жата беру тағы қиын. Қозғалыс жасау үшін қарап жатқанша шөп жұлайын деп далаға шықтым. Бізге су ағатын арық жақын. Соған баратын жалғыз аяқ жолды шөп басып кеткен еді. Сол аяқты сүйрете сылтып басып, солай қарай бардым. Еңкейіп сол қолыммен шөпті ұстай бергенімде ортаңғы саусағымның ұшы шым ете қалды. Қарасам ұзын қара шұбар жылан шаққан екен. Дереу сау сол аяғыммен жыланның бас жағынан баса қалдым. Сөйтіп саусағымның шаққан жерін сорып алып, түкіре бердім. Аузым көпіріп, ащы дәм келді. Жылан болса менің аяғымды орап алып, қысып барады. Өзім әлсіреп барамын. Айқайлауға шамам да, мұршам да жоқ. Аяқтағы жыланмен, саусақтағы умен арпалысып тұрмын. Қасымда 3-4 жасар немерем бар еді. Оған қасыма жолама деп ымдауға ғана шамам жетті. Сәл қате кетсем жыланның уы бойға дарып, ал өзі немеремді де шағып алатынын тұмандана бастаға санаммен түсініп-ақ тұрмын. Сондықтан оны бар күшіммен баса түстім. Сәлден кейін жылан ақырындап аяғымды босата бастады да, бір кезде сылқ түсті. Өлген шығар деп мен де аяғымды тарттым. Осы екі арада жарты сағаттай уақыт өтті. Сүйретіліп үйге әзер жеттім де, жедел жәрдем шақырттым. Жылан шаққанын естіген олар мені дереу жансақтау бөліміне жатқызды.
Үш күннен кейін түс көрдім. Түсіме әлгі қара шұбар жылан кірді. Бірақ аяғы шұбатылған жылан болғанмен, бас жағы орамал тартқан кемпірдің басы екен. Денесін жерден көтере маған қарсы қарап: «Болды, кете бер. Енді жақсы болдың», – деді.
Таңертең ұйқымнан оянып, орнымнан тұрғанда байқасам, жансызданып қалған оң қолым мен оң аяғыма жан бітіпті. Кәдімгідей қозғалады. Тура бір инсульт алмаған, аяқ-қолым ешқашан жансызданбаған, тіпті ондай ештеңе болмаған сияқты. Бәрі баяғы сау кезімдегідей. Емін-еркін жүріп-тұра аламын. Өзіме-өзім сене алар емеспін. Дәрігерлер де тексеріп, денім сау екенін айтты. Сөйтіп ауруханадан аман-есен шықтым. Содан бері үш ай өтті, еш жерім ауырмайды. Жеп-жеңіл қозғаламын. Міне, көріп тұрсыздар, сонау Жаңақорғаннан келіп тұрмын», – деді құдағи.
Бәріміз аң-таңбыз. Мен одан жыланды не істегенін сұрап едім: «Сол шаққан жеріне көмдік. Сол кезде реанимацияда менімен қатар үш адам жатқан. Оның үшеуі де қайтыс болыпты», – деп жауап берді.
Құдағи да, біз де оның инсульттан жансызданған аяқ-қолының жазылып кетуіне жылан уы әсер еткен болар деп топшыладық. Адам айтса нанғысыз. Ал Балжақан құдағидың жыланмен қорықпай арпалысуын, оның уын дер уақытында сорып алып тастауын ерлік деуге де болады.
Әбдіқадір СӘПИЕВ,
зейнеткер.