ШӘМШІГЕ ПӘТЕР БЕРГІЗГЕН ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ МЕ?..
Таяуда бір қызықты дерекке кезіктім. Әрине, бұл да сол көп аңыздың бір түріне ұқсайды.
«Время» апталығында (31.08. 2017) басылым тілшісі Ксения Евдокименко былай деп жазыпты.
«Егер Кеңес Одағында сары басылым болғанда Шәмші Қалдаяқов сөз жоқ, оның тұрақты кейіпкеріне айналар еді. Оған композитор өмірінен мына бір деректі келтірсек те жеткілікті. Дінмұхамед Қонаевтың Францияға сапары кезінде Шарль де Голль Димекеңнен «Шәмші Қалдаяқовтың жағдайы қалай?» деп сұрапты. Шамасы протоколға сәйкес, Шарль де Голльге бұл ел оның белгілі адамдары жөнінде ақпарат жинаған болуы керек. Соның ішіндегі ең танымалы Шәмші деп шешкен болар. Қонаев бұл сауалға аса таңқалмады. Шарль де Голль Шәмшіні қайдан білсін. Димекең Шәмшінің жағдайы бірқалыпты екенін айта келіп, елге оралған соң оны таптырып, арнайы танысып, Алматының орталығынан пәтер бергізеді. Демек, Шәмшінің пәтерлі болуына Шарль де Голльдің де ықпалы болып тұр ғой. Әрине, бұл қаншалықты аңыз іспетті болғанымен де, астарында ақиқаты бар гәп.
Тағдырлы, сан қырлы талант Шәмшінің өмірі де өкінішпен қатар, өнегеге толы болды. Әу баста Мәскеу консерваториясына түсуді армандаған оны дайындықсыз қабылдай алмайды. Алайда, Шәмші ноталық сауатын ашу үшін соқыр музыканттан сабақ алған. Ол кім? Біз оны білмейміз, әрине. Бәлкім, білетіндер бар шығар.
Айтпағым, қазақстандық орыс тіліндегі басылымның белгілі тұлғамыз туралы осындай беймәлім деректі жариялағанына адами ілтипатымызды білдіру еді. Осы бағыттағы тақырып алдағы уақытта осындай басылымдарда үрдіске айнала берсе, бек қуаныштымыз.
Қали СӘРСЕНБАЙ