ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЖУРНАЛИСТ ҚЫЗ — НӘЗИПА ҚҰЛЖАНОВА
Қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз Нәзипа Құлжанованың шығармашылығы қазақ совет әдебиетінің қалыптасу қезеңімен (1917-1929 жж.) тұспа-тұс келді.
Ол 1887 жылы 27 шілдеде Торғай қаласында дүниеге келген. Бұл уақытта қалада туылған қыздардың болашақ мүмкіндіктері ауыл өңірінде туып-өскен құрбылардың келешегіне қарағанда жақсы болған. Үлкен талант иесі Нәзипа 1902 жылы Қостанай қаласындағы орыс-қазақ гимназиясын тәмамдап, 1903-1904 жж. оқытушылар семинариясында ұстаздық еткен.
Жұбайы Нұрғали Құлжанов – сол заманның көрнекті ағартушыларының бірі болды. Ол да мұғалімдік қызметін атқарған. 1905 жылы олар Семей қаласына көшіп келген. Ал 1913 жылы Н. Сегізбайқызы Орыс география қоғамының Семей бөлімшесінің «Азамат серіктестігі» ұйымының мүшесі атанған.
Дарынды Нәзипа ұлы Абайдың шығармашылығын жақсы көрген. 1914 жылдың 26 қаңтарынан бастап Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай бірнеше әдеби кеш ұйымдастырды. Кештерде Абай өлеңдері оқылды.
Бұл кезеңнен бері Нәзипа қоғам және саяси қайраткері ретінде танылды. «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттерінде журналистің көптеген мақалалары жарық көре бастады.
1917 жылы Семей облысындағы қазақ съезіне атсалысып, сол съезд төралқасының құрамына енеді. Ол әдебиет пен өнер саласында көптеген зерттеулерін жазды: «Әдебиетке көзқарас», «Қазақ әдебиеті», «Шолпан ақын қызы», «Семей театры» және басқа. Сонымен бірге, Нәзипа көптеген мақаларында әйелдер үшін маңызды мәселелер туралы қалам тартты. Қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Таныстыру» поэмасын Нәзипа Құлжановаға арнаған. Ақын қазақ қыздары арасынан шыққан жігерлі жанды:
«Ардақты бар Нәзипа деген ханым,
Газет, журнал жүзінде жұртқа мәлім.
Оқыса сондай әйел шығар ед деп,
Оқығандар бағалар сөздің дәмін.
Неше күн қыдырсаң да таба алмассың,
Семейдің одан өтер адал жанын…», – деп сипаттаған.
Н. Құлжанова қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш журналистердің бірі ғана емес педагог, ғалым, аудармашы ретінде де ұлт тарихында мәңгілікке қалды. Ол екі тілде бірдей жүйріктігімен де көзге түскен.
1920 жылы Н. Құлжанова Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариатының оқулықтар, кітаптар шығару бойынша арнайы комиссияның құрамында да жұмыс істеді. Сонымен бірге, Нәзипа қазақ әліппесін дайындаған маман ретінде белгілі. 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», «Айқап» журналдарында жұмыс істеп, «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарында өз мақалаларын жариялаған. 1922 жылы Сәкен Сейфуллин Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы тағайындалды. Сейфуллин Нәзипаны аталмыш газетке жұмысқа шақырды. Қызмет барысында әріптестердің арасында беделі артып, Нәзипа Сегізбайқызы тез арада танымал авторлардың біріне айналды.
Сонымен бірге педагогика саласында көптеген кітаптардың авторы: «Мектептегі дәстүрлі тәрбие», «Ана мен бала тәрбиесі», т.б. Қазіргі кезде де ғалымның еңбектері өзінің өзектілігінен айырған жоқ. Нәзипа Сегізбайқызы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Молдағали Молдабаев, Аманғали Сегізбаев секілді әдебиет және қоғам қайраткерлерімен көп араласқан.
Н.Құлжанова 1927 жылы Қызылорда қаласында «Ана мен бала тәрбиесі» әдістемелік кітабын баспадан шығарды. Автор бұл еңбегінде педагогтарға, тәрбиешілерге, ересектер мен балалар дәрігерлеріне бала мен ана денсаулығына қатысты пайдалы кеңестер береді. Белгілі этнограф А.А. Затаевич Нәзипадан «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» әндерін жазып алған. Публицист ретінде «Айқап», «Қазақ», «Бірлік туы», «Алаш» басылымдарына елдегі оқу-ағарту, мәдениет, денсаулық мәселелеріне байланысты мақалалар жазып тұрды. Нәзипа аударма саласында да елеулі жұмыстар атқарып, қазақ оқырмандарын В. Короленконың «Күн тұтылғанда» (1923), А. Куприннің «Лапылдап жанған крейсер» (1927), Б. Лавреневтің «Қырық бірінші» (1928) сияқты шығармаларымен таныстырды.
Мирас НҰРЛАНҰЛЫ, e-history.kz