РЕСЕЙ ПРОФЕССОРЫ: МЕН АРАЛДЫ ҚҰТҚАРАМЫН, МАҒАН СОЛ ҮШІН НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫН ДА БЕРЕДІ...
Ресей ғылым академиясы Зоология институтының профессоры, тұзды су гидробиология зертханасының меңгерушісі Николай Аладин Арал теңізін құтқарамын деп бекініп отыр. Бұл туралы ол Санкт-Петерборда өткен VIII Нева халықаралық экологиялық конгресінде айтты. Аталған жиын барысында Арал теңізінің қазіргі проблемалары мен болашағына қатысты дөңгелек үстел өткен болатын. Онда әлемнің бірнеше елінен жиналған ғалымдар құрдымға кеткен теңізді қайта жандандыру мәселелерін талқылады Вaq.kz.
Арал – Қазақстанның ғана проблемасы емес
Арал – Қазақстан мен Өзбекстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ проблемасы. Сондықтан да оның болашағы дүниежүзі ғалымдарын алаңдатып отыр. Теңіздің түбінен желмен көтерілген тұзды ауа Тянь-Шань тауларына, солтүстігінде Ресейге, одан әрі Еуропаға дейін жетіп жатыр дейді Арал проблемасын зерттеп жүрген мамандар. Салдарынан, оның жолындағы таулардың басында ғасырлар бойы қатып тұрған мұздықтар бүгінде ери бастаған. Ал, 500 шақырым диаметрдегі елдімекен тұрғындары түрлі ауруларға шалдыққан. Мұның өзі проблеманың бастауы ғана. Егер, процесті тоқтатпаса, бір ғана Арал үлкен табиғи апаттардың орын алуына себеп болуы мүмкін.
Сонау XX ғасырдың ортасында Арал көлемі жағынан әлемдегі ең үлкен төртінші көл болып есептелетін. Жетпісінші жылдардың аяғында теңіздің суы күрт азая бастады. Профессор Николай Аладин Аралға алғаш рет сол уақытта келгенін айтып отыр. Теңіздің жағдайын көрген ол дереу жоғарыдағыларға дабыл қаққан. Алайда, Кеңес билігі ғалымдардың жанайқайына құлақ аспапты. Яғни, теңізді құтқаруды сол кезде бастағанда жағдай бүгінде басқаша болар еді дейді ғалым. Тек КСРО-ның соңғы басшысы Михаил Горбачев қана сексенінші жылдардың аяғында Аралдың проблемасын бүкіл әлемге жайып салды. Соған қарамастан теңізді құтқаруға елдің билігі құлықсыздық танытқан. Бәлкім өзге де проблемалары жеткілікті болған шығар. Тек Кеңес одағы құлағаннан кейін ғана Аралды құтқару шаралары Орта Азия елдері тарапынан қолға алына бастады.
Санкт-Петерборға жиналған ғалымдар Аралды енді бұрынғы қалпына келтіру мүмкін еместігін мойындап отыр. Бірақ, бірнеше көлге бөлінген теңіздің солтүстік бөліктерін қайта жандандырып, сол жерді күнелтіп отырған халыққа қайта үміт сыйлауға мүмкіндік бар. Отыз жыл бойы Аралдың проблемасын зерттеп келе жатқан Николай Аладин осылай дейді.
Оның айтуынша, теңізді құтқару жұмыстарына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі өте көп екен. Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен 1993 жылы Аралды құтқару халықаралық қоры құрылған болатын. Оның құрамына Орта Азиядағы бес мемлекеттің бәрі мүше. Алғашқы жылдары Қорға Н.Назарбаевтың өзі төрағалық етіп келсе, кейін мүше елдердің басшылары (Қырғызстаннан басқа) жыл сайын кезегімен ауысып төрағалық ететін болып келісті. Биылғы кезек Түркіменстанның басшысында.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Солтүстік Аралдың сақталып қалуына да ықпал еткенін айта кету керек. Мәселен, 1992 жылы Қазақстанның бастамасымен Берг бұғазына дамба салынды. Алайда, он жылға жетпейтін уақытта оны су шайып, нысан қирап қалған болатын. Дегенмен, 1999 жылы құрылыс жұмыстары қайта басталып, осы бұғазда жаңа дамба тағы бой көтерді. Нәтижесінде Солтүстік Аралдағы су деңгейі қайта қалпына келіп, онда балықтар пайда болды. Бүгінге дейін теңіз жағалауындағы елдімекендер балық шаруашылығымен күн көріп келеді.
Арал – тірі!
Айта кететін тағы бір жайт, 2004-2010 жылдар аралығында тартылып кеткен теңіздің орнында ғалымдар экспедициясы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келді. Бұл өз кезегінде орын алып жатқан проблемаларды анықтауға, онымен күресуге, келтірілген залал мөлшерін өлшеуге мүмкіндік беретін. Алайда, соңғы жеті жылда Аралды зерттеу жұмыстары мүлдем тоқтап қалды. Мұны Петерборда өткен жиында Мемлекетаралық су шаруашылығы комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Виктор Духовный айтып отыр. Егер ғалымдар осылай қол қусырып қарап отыра берсе Аралдың орнында қалған шағын көлдерден де көп ұзамай айрылып қаламыз дейді ол.
«Арал әлі тірі, онда өмір бар. Бірақ, басқа бағытта. Теңіздің орнында қазір топырақтың қайта түзілу процесі және өсімдіктердің өздігімен өсу процесі жүріп жатыр. Бұл таң қаларлық құбылыс. Оның үстіне, қазір Аралдың орнына сексеуіл және өзге де шөлге төзімді ағаштар мен өсімдіктер егіле бастады. Барлығы 272 мың гектарға егілген. Бұл да таң қалуға болатын құбылыс. Өйткені, жердің астында әлі де болса су бар. Табиғатты адам әлі толық зерттеп, түсініп болған жоқ. Ертең біраз жылдан кейін Аралдың орнында не боларын тағы білмейміз. Дәл Аралдың тағдырын қазір АҚШ-тың Юта штатындағы Тұзды көл мен Африкадағы Чад көлі бастан өткеріп жатыр. Қысқасы, Аралды зерттеуімізді еш тоқтатуға болмайды, жыл сайын экспедициялар онда жұмыс істеуі керек», - дейді В.Духовный.
Аралды құтқару жұмыстары тоқсаныншы жылдардың басынан бері жүріп жатқанын айттық. Теңізді құтқару үшін құрылған қордың қарауына сол уақыттан бері 72 ғылыми жоба келіп түсіпті. Оның 12-сі бүгінде жүзеге асырылған. Бірақ, олардың ешбірі су деңгейін қайта көтеруге мүмкіндік бере алмады. Өйткені, көбі ғылыми жобадан гөрі әлеуметтік жобаларға жақынырақ. Мәселен, жергілікті халықтың мәдени деңгейін көтеріп, браконьерлікке жол бермеу, автошеру ұйымдастыру, дәрілік өсімдіктерді өсіруді қайта қалыптастыру сынды жобалар жоғарыда айтқан 12 идеяның қатарында. Сондай-ақ, көктемгі тасқын суларды Аралға айдау идеясы да қазіргі таңда қаралып жатыр екен.
Ал, Аралды құтқарамын деп 30 жыл өмірін ғылымға сарп еткен Ресей ғылым академиясының профессоры Николай Аладин ең алдымен Қазақстандағы Солтүстік Аралды өсіруге күш салу керек деп есептейді.
«Солтүстік Арал өміршеңдігімен ерекшеленіп отыр. Мұнда тұщы су бар, сәйкесінше балық та бар. Ал, Оңтүстік Аралда тіршілік енді ешқашан болмайды. Солтүстіктегі көл Қазақстанның территориясында. Сондықтан, бізге қазір мемлекетаралық деңгейде салмақты шешімдер қабылдау керек. Өзбекстанға бәлкім Әмудария сағасындағы шағын бес көлді ұстап тұрудан бас тарту керек шығар... Жаз шыға олар бәрібір буланып жоқ болып кетеді. Соншама су мен ақшаны оларға құюдың қажеті қанша?», - дейді Н.Аладин.
Профессор тоқсаныншы жылдардың басында Берг бұғазына салынған дамбаның құрылысына қатысқан. Қазір Аралға қайта өмір сыйлау үшін осындай дамбалардың бірнешеуі қажет дейді ол.
«1992 жылғы дамба құрылысы әлі есте. Оны қолға түскен материалдың бәрімен соқтық: тас, балшық, тіпті қамысты да пайдаландық. Бірақ, қалай болғанда да біз өзімізге жүктелген тапсырманы орындадық: судың деңгейін сақтап, онда балық пайда болды. Бірақ, 1999 жылы дамбаны су шайып кетті. Дегенмен, Қазақстан президентінің, Қызылорда облысын басқарған әкімдердің арқасында дамба қайта тұрғызылды. Енді ол бұрынғы секілді қарабайыр емес, нағыз заманауи. Қазір Аралды одан әрі жандандыру үшін тағы бірнеше дамба салу қажет. Біреуін мен өз ақшама тұрғызуға дайынмын. Оған ақшам жетеді. Бірақ, басқаларына жағдай жоқ, сондықтан оған билік өкілдері күш жұмасаса деген ниет бар», - дейді Н.Аладин.
Бүкіл ғалым Аралды қайта «тірілту» мүмкін емес десе де, Николай Аладинде үміт басым. Әсіресе, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстанның жаңа басшысы Шавкат Мирзиеевтің кездесуінен кейін тоннель соңында жарық пайда болды дейді ол. Еске салсақ, қос елдің басшылары осыдан бір айдай уақыт бұрын Астанада кездесіп, бірқатар екіжақты мәселелерді талқылаған болатын. Сол талқылаған тақырыптардың бастысы Арал проблемасын шешуге арналған екен. Осылайша, Қазақстан мен Өзбекстан енді құрдымға кеткен теңіздің проблемасын бірге шешуге уағдаласып отыр.
«Әрине, Аралды енді бұрынғы қалпына қайтару мүмкін емес. Теңіздің Өзбекстандық және Батыс бөліктеріне енді тіршілік ешқашан оралмайды, олар бу болып ұшып кетпесе тұзды және өлі күйінде қала бермек. Ал, Қазақстандағы Солтүстік Аралды жандандыруға негіз бар. Мұндағы су тұщы, онда балық бар. Жуырда осы балықтар қоректенетін шаяндардың пайда болғанын естіп қатты қуандым. Демек, тіршілік жанданады. Бірақ, өкінішке қарай, Ресейге қазір Арал керек болмай қалды. Мен дәл қазір дөңгелек үстелден шығып институтқа барамын. Ал, мені басшылар зертхана меңгерушісі қызметімнен алып та тастайтын шығар. Өйткені, «Арал бізге керек емес, басқа шаруамен айналыс» деп маған үнемі ескерту жасайды. Бірақ, осыдан қараңдар, мен Аралды бәрібір құтқарамын. Тіпті, сол үшін Нобель сыйлығын да иемденемін!» - дейді Ресей ғылым академиясының профессоры.
Арал туралы ащы шындық
Сондай-ақ, конгресс барысында РФ Ленинград облысы губернаторының жанынан құрылған Қоғамдық экологиялық кеңестің мүшесі Сергей Лисовский Аралға қатысты беймәлім деректерімен бөлісті. Бөлісіп қана қойған жоқ, біраз адамның жағасын ұстатты десе де болады.
«Арал туралы деректер көпшілікке әлі де беймәлім. Мәселен, КСРО кезінде Арал теңізі «Байқоңырға» қосалқы айлақ болып есептелетін. Яғни, ғарыш кемелерінің капсулалары Аралдың суына келіп түсетін. Қысқасын айтсақ, Арал теңізі Байқоңыр ғарыш айлағының қону алаңы болды. Оның КСРО билігі үшін маңыздылығы да сонда еді. Сондай-ақ, теңіздегі Возрождение аралында сол заманда биологиялық қару жасалғанын көпшілік бүгінде біле бермейді. Дегенмен, баршаға мәлім, у жасалған жерде оған қарсы дәрі де пайда болады. Сол секілді, КСРО бактериялық қару жасаған кезде ол қарудан қорғанудың барлық жолдарын жасады. Кейін, Одақ құлағаннан кейін ол қорғаныс та жойылды. Қазір посткеңестік елдердің бірде-бірі, тіпті Ресей де бактериялық қарудан қорғана алмайды», - дейді С.Лисовкий Sputnik порталының тілшісіне берген шағын сұхбатында.
Ол сондай-ақ, Арал теңізінің проблемасы Ресейге де ортақ екенін айтып отыр. Өйткені, теңіз түбінен көтерілген тұзды масса мемлекет таңдамайды, жел қайда айдаса сонда ұшып кете береді. Сондықтан, тартылып кеткен теңіздің мәселесін шешуге ресейлік ғалымдар да жұмылуы тиіс дейді ол.
Бүгінде Аралды құтқару үшін бірнеше жобалардың қарастырылып жатқанын бұған дейін айттық. Солардың бірі ретінде Қазақстанның оңтүстік аймақтарына су қоймаларын салу жоспары бар. Жыл сайын елімізде көктемгі тасқын су елдімекендерді шайып, егіс даласына айтарлықтай зардабын тигізіп келеді. Енді осы тасыған суды бұрып, сол су қоймаларын толтырса, Сырдарияның суы да көктем мен жазда егістік алқаптарына толықтай жіберілмей, теңізге қайта құяр еді.
Айта кету керек, дәл осы Сырдария мен Әмударияның жағасын қаптаған мақта мен күріш алқаптары Аралдың «өлуіне» алып келген болатын.