ТҰЛПАРҒА ТИСЕ ТАҚЫМЫҢ, САУЫҚТЫМ ДЕЙ БЕР, ЖАРҚЫНЫМ
Адамзат жаралғалы бері ең алғаш қолға үйретілген жануарлардың бірі жылқы малы болса керек. Ежелгі дәуірлерден-ақ Қамбар атаның төлінің қасиеті мен киесін исі қазақ біліп келеді. Сондықтан да жылқыны қазақтың жаны, сұлулық пен тектіліктің символы ретінде көреміз. Ұлан-ғайыр далада көшпенді тұрмыс кешкен ата-бабаларымыздың оған деген қадір-құрметі де ерекше болғаны белгілі. Айтып-айтпай не керек, жорыққа мініп барса айбар, қысталаңда кейін ығысса жеткізбейтін жүйріктер туралы ел арасында түрлі аңыздар қалған. Сонау қырық құлаш найзасын ұстап жауға шапқан даңқты Қамбардың Қарақасқасы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қабанбайдың Қубасы, Жанқожаның Көкешкісі секілді тұлпарлар сол батырлардың сыңарындай, ерлердің қанатындай болғандығы белгілі.
Иә, алты құрлықты алты айналсаң да жер бетінде қазақтай жылқыны сүйген халық жоқ шығар.
Сондай-ақ, жылқы малының ерекшеліктері, оның сүтінің емдік қасиеттері туралы аз жазылып жүрген жоқ. Бір ғана қымызының өзі қырық дертке дауа болса, саумалы сексен ауруға шипа болады екен. Атпен серуенге шығудың адам ағзасына тигізетін әсерінің өзі қаншама. Тіпті, кейбір елдер осыны ғылым ретінде қалыптастырып, арнайы орталықтарда ашып қойған. Көңіл қуантарлығы, бұл үрдіс кейінгі уақыттары Қазақстанның кейбір аймақтарында да қолданысқа енгізіліп келеді. Мұны жалпы медицина ғылымында «иппотерапия» деп атайды.
Әлемдік медицинада иппотерапияның алғашқы тұжырымдамасы Гиппократтың еңбектерінде кездеседі. XVIII ғасырдың ортасында энциклопедияшы Дени Дидро «Атпен жүрудің денсаулықты сақтаудағы маңызы» атты трактатында жаттығулардың ішінде алғашқы кезекте атқа мінуді атап, оның көмегімен көптеген ауруды емдеуге мүмкіндік бар екендігін жазады. Иппотерапияның адам ағзасына өте пайдалы екендігі ХІХ ғасырдың соңында ғылыми түрде зерттеле бастады. Еуропадағы ақсүйек әулеттердің жылқымен көп әуестенуінің бір ұшығы оны физикалық ем ретінде қабылдауда жатыр. Жарты ғасыр бұрын Германия, Швейцария және Австрия сияқты мемлекеттерде иппотерапия қосымша емдік курс ретінде пайдаланыла бастады. 1980 жылдардың соңында америкалық және канадалық терапевтер Германияда осы ілімді үйреніп, Солтүстік Америка қоғамына енгізді. Соның нәтижесінде 1992 жылы АҚШ-та алғашқы америкалық иппотерапевтер қауымдастығы құрылған болатын.
Жылқы терапия қандай ауруларға дауа?
Бір сұхбатында Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза: «Менің спортым – ат. Баяғы бабам бокстаспай-ақ, коньки, шаңғы теппей-ақ, штанга көтермей-ақ, атпен жүріп, көкпар тартып шыныққан екен ғой. Ауылда атым бар. Екі-үш сағат атпен жүріп қайтсаң, соның өзі үлкен ем-дом. Мына ішек-қарныңда қатып қалған пәле-пәтірдің бәрі жібиді. Біздің ішегіміз қурап қалған. Ашаршылықта туғанбыз. Шешеміздің емшегінде бізге беретін сүт жоқ. Кішкентай талқанды шүберекке түйіп, оны суға малып, сөлін аузымызға тамызады екен. Ол анаңның сүті емес, талқанның суы ғой. Сол арқылы кірпік кимылдатып, тірі қалған адаммын. Ал отыз екінші жылы мен ғана емес, миллиондаған бала дүниеге келді. Сонан кейін соғыс жылдарына тап келдік. Тағы ашаршылық. Соғыстан кейін де оңған заман болған жоқ. 1948 жылға дейін карточкамен өмір сүрді жұрт. 1948 жылы интернатта аузымызды толтырып нан жегеніміз есімізде. Қара нанды тоя жеп едік. Аузымыз толғанша, аямай тығып жегенбіз. Соған мәз болдық. Соның арқасында мына ішектің бәрі ауруға ұшыраған. Ал оның бірден-бір емі – сол атқа мінген. Адамның бойындағы барлық ауруды жазады. Өліп қалған клеткаларың қайтадан тіріле бастайды. Және соны сезесің», – деген екен.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде». Десе де қазіргі бүкіл әлемді экологиялық апаттар шарпыған тұста түрлі аурулардың да таралып, індетіп жатырғанын жоққа шығара алмаймыз. Оған кейде ғылым да қауқарсыздау болып отыр.
Жалпы жылқы терапияның негізгі емі балаларға жақсы ықпал етеді. Жеткіншектерге психоэмоционалдық және биомеханикалық тұрғыдан екіжақты әсер береді. Атқа міну, жылқы жануарын бағындыру – жарымжан бала үшін үлкен жетістік. Сал ауруымен ауыратын бала өздігінен аяғын баса алмайды, ол өзін салт атты адам сезінгенде өз аяғымен жүргендей, психоэмоционалдық тұрғыдан әсер алады екен. Жылқы жүрісінің тербелісі және артқа, алға шайқалу арқылы баланың тірек-қозғалыс жүйесіне оң әсерін тигізетін көрінеді.
Дәрігерлердің айтуынша, атпен баяу серуендегенде, адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі беріледі. Сонымен қатар, ол – массаж, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшықеті жұмыс жасайды. Тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, бұл арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренеді. Ал БЦС-ға шалдыққан балаға ең керегі де осы – жаттығу. Жылқы – табиғи тренажер.
Бұл жылқының емдік қасиетінің физикалық қыры болса, екіншісі – эмоционалдық сипатта. Оны көпжақты түсіндіруге болады. Мәселен, бала жаны жануарды жақсы көреді, онымен сөйлеседі, сырласады, салт ат жүргенде көңілі көтеріледі. Екіншіден, ат үстінде, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімділігі артады. Ал дәрігерлердің айтуынша, сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты.
Жылқының екі емдік қасиеті бірлескенде бір БЦС ғана емес, көптеген сырқатқа шипа. Олардың қатарында – тірек-қимыл аппараттарының, сөйлеу жүйесінің бұзылуы, психиканың баяу дамуы, Даун синдромы, аутизм, остеохондроз, простатит, склероз, артроз, құяң, омыртқаның 1-2 деңгейде майысуы, жүрек-қантамыр аурулары, тіпті девианттық әрекеттерді де жатқызуға болады. Иппотерапия тірек-қимыл аппаратының бұзылуында, атеросклероз, бас сүйек жарақатында, полимиелитте, асқазан-ішек ауруларында, простатитте, ақыл-ой жетіспеушілігінде ұсынылады. Дүниежүзі мұны 1950 жылдардың соңында психикалық және неврологиялық ауруларға қолдана бастады. Қазір 52 елде иппотерапия орталықтары бар.
ТҮЙІН
«Балалар – біздің болашағымыз» деген ұранды мінбелерден жиі-жиі айтып, газеттерге дүркін-дүркін басып келеміз. Өңірімізде де жалпы кәмелет жасына дейінгі әр түрлі науқаспен мүгедектер санатында тұрған бес жүзге жуық бала бар екен. Яғни, бес жүз отбасының үміті, сенім артар келешегі науқас деген сөз. Күн сайын бес жүзге жуық отбасы баласының денсаулығы, оның келешегі үшін шыр-пыры шығады. Бұл тек бір ғана Қазалының ішіндегі көрсеткіш. Оларға мемлекет тарапынан да қаржылай көмектер аз жасалынып жатырған жоқ. Десе де жоғарыда айтып өткен иппотерапия да облысымызда қолға алынып, жүзеге асса, балалар мен жеткіншектердің денсаулығына оң әсерін тигізетіндігі сөзсіз.
Есет ТАБЫНБАЕВ.