ШЫНАЙЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ҚАЙТАРЫМСЫЗ КӨМЕК
Қазақ халқы қашанда қарттары мен жетім-жесірлерін далаға тастамай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, ел қатарлы өмір сүруіне бір кісідей атсалысқан. Ал қазір елімізде мыңдаған қарттар мен жетімдер бар. Ол ол ма, тұрмыстары өте нашар отбасылары тағы бар. Ал оларға қол ұшын берер, жетімін жатқа телміртпеген қазақтың бүгінде ұштығы да көрінбейтін сияқты.
Кешегі ауылында қарастығы жоқ кемтар не қарттардың отбасы болса, мал сойса бірер жілік етін бөліп беріп отыратын, малының шөбін шабысуға балаларын көмекке жіберетін, көшкенде жұртқа тастамай, көшке жүк артар малын беріп қарайласар, отағасы өлсе, әмеңгерлікпен туысына жары мен баласына қамқор болуды тапсыратын ауылдың данагөй ақсақалдары мен дәулетті байлары қайда? Ғасырлар бойы, тіпті дін Исламнан бұрын да Дала Заңы, Жеті Жарғы секілді адами бұлжымас салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызбен беріліп келе жатқан Адамгершілік канондары қайда? Кеңестік насихат бір ғасырдың ішінде соншама тереңнен келе жатқан осынау асыл қасиеттерімізден қалай айырды? Мұндай қайғы-қасіреттің артында не тұр? Неден бұлай болып жатыр? Түптеп келгенде, адамзаттың иманнан алыстауы ғана тұр. Егер адам баласы Алла Тағалаға сеніп, Одан қорқатын болса, өзіне зиян келтірсе де, өзгеге зиян келтірмейтіні анық.
«Бай болсаң, балам, тасыма,
Кедей болсаң, жасыма,
Нелер келіп, не кетпес,
Ер жігіттің басына», - дейді дана халқымыз.
Ер жігіт жетім қалса, әйтеуір күнін кешер, ал қыз бала жетім қалса, не болмақ? «Қызға - қырық үйден тыйым» деп, қыз баланың бүкіл ұлттың Анасы екенін ескеріп, тәрбиесіне ауыл боп үлес қосқан. Ал кез келген Ана: «Балам, үлкеннің алдын кесіп өтпе, қарсы келіп, көргенсіздік танытпа, көмек қолыңды созып, батасын ала жүр. Адам түгілі, аң-құс, жәндіктердің де табиғатта өз орны мен пайдасы бар, киесі мен обалы бар, мал сойсаң да, керегіңнен басқасын өлтірмей, «Бисмилләһи АллаҺу акбар» деп барып сой», - деп үйретіп отырса керек.
Жетім мен жесірдің ақысын жеу – ауыр күнә. «Жетім жыласа, жер күңіренеді» деп бекер айтпаған. Айлардың сұлтаны, мың айдан қайырлы түні бар, Алланың сөзі Құран түскен қасиетке толы болған Рамазан айында Пайғамбарымыз (с.а.с) көптеп жақсылықтар жасауға үндеп жетімдер мен қарттарға, өзі табыс таба алмайтын кісілер мен тұрмыстары өте нашар отбасыларына қайырымдылық жасау арқылы көңілдерін аулауға шақырған. Шынайы қайырымдылық өзге адамдарға қайтарымсыз көмек деген тақырыпты ескере келе әлемдердің Раббысы Алла Тағаланың аяттары мен екі дүниенің сардары, ақырғы Пайғамбарымыздың (с.а.с) мына хадистеріне тоқтала кетуді жөн көрдік.
Бірде, бір соқыр яхуди (еврей) Пайғамбарымызды (с.а.с) былай деп жамандап: «Мұхаммедке ермеңдер! Ол - өтірікші, сиқыршы, жаман адам», - деп әр күн сайын базарға барып айқайлайды екен. Ал Пайғамбарымыз (с.а.с) өзін жамандаған соқыр яхудиге (еврейге) күнде тамақ алып барып, өз қолымен тамақтандырады. Пайғамбарымыз (с.а.с) бұл қайырымдылығын өмірінің ақырына дейін жалғастырады. Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с) дүниеден озады. Әлгі яхуди (еврей) Пайғамбарымызды (с.а.с) жамандауын тоқтатпайды әрі өзін үнемі тамақтандыратын адамды күтеді. Бірақ күткен адамы келмейді. Сонда Әбу Бәкір (р.а) қызы Айшаға(р.а) келіп: «Ей Айша! Пайғамбарымыз өмірінің соңғы кездерінде не істеді, қандай сүннет (жол) қалдырды? Менде соны жасайын»,- дейді. Қызы Айша (р.а): «Ол базарға барып бір соқыр яхудиді (еврейді) үнемі өз қолымен тамақтандыратын»,- дейді. Бұны естіген Әбу Бәкір (р.а) тамақты әзірлеп базарға барып әлгі соқыр яхудиді (еврейді) тамақтандырмақшы болады. Сонда соқыр яхуди (еврей); -Сен кімсің дейді? Әбу Бәкір (р.а); - «Сені үнемі тамақтандырып жүрген адаммын»- дейді. Соқыр яхуди (еврей): «Өтірік айтпа, ол сен емессің»- дейді. Сонда Әбу Бәкір (р.а); -« Неге олай дедің»- дейді. Соқыр яхуди (еврей):- «Ол мені өз қолымен тамақтандырғанда оның қолынан сондай жылылықты, мейірімді сезетін едім»,- дегенде Әбу Бәкір (р.а): «Ол Алланың елшісі Мұхаммед еді ғой..»- деп көз жасына ерік береді. Әлгі яхуди (еврей): -«Мұхаммед дейсің бе?»- деп екі-үш рет сенбей сұрайды. «Мен оны осы күнге дейін жамандадым, неше түрлі ауыр сөздер айттым, ол болса мені сөкпеді, қой деп те айтпады»- деп ол да жылайды. Кейін соқыр яхуди (еврей): -Сен кімсің? дейді. ӘбуБәкір: «Мұсылмандардың бірінші халифасымын»- дейді. Соқыр еврей сол жерде: «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екендігіне куәлік етемін»- деп мұсылман болған екен. Міне қайтарымсыз көмек шынайы қайырымдылық деп осыны айтыңыз.
Алла Тағала Құранда былай дейді: «Мал-мүлкін Алла жолына атағандар, соңынан оны міндетсінбегендер және (алушыны ренжітпегендер) Раббыларының алдында сауапқа ие болады, (қияметте) оларға қауіп-қатер, қам-қайғы болмайды». (Бақара сүресі 262-аят)
Адамдардың арасында жақсылық жасаса міндетсінетін, алушыны ренжітетін адамдар жок емес бар. Осы кезде де ондай жандар жетіп артылады.
Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.а.с) хадис шәрифінде келгендей; «Оң қолыңмен бергеніңді, сол қолың көрмесін»- дейді. Бұл жерде берген садақаңды, жасаған қайырымдылықтарыңда міндетсінбей, анаған-мынаған мақтанып айтып, жұртқа көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болуы тиісті деуде.
Тағы бір аятта былай дейді: Жақсылықтың сыйы тек жақсылық қана емес пе? (Рахман сүресі 60-аят) Және бір хадисте: «Сараң адам тақуа болса да жәннатқа кіре алмайды»- деген. Олай болса бұл айда сараңдық пен міндетсінуді ысырып қойып жақсылық пен қайырымдылыққа ұмтылған жөн. Бұл «Рамазан» айы кез-келген жасалған жақсылықтар мен қайырымдылықтардың сауаптары еселеніп берілетін ай. Естеріңізде болсын! Бір нәрсені құрбандық етпейінше - екінші нәрсеге қол жеткізу мүмкін емес. Міне осы 30 күн ораза айында ішіп-жеуді, жаман сөз айтуды,өкпе-ренішті, сараңдықты құрбандыққа шалайық, жоқ-жітікке қол ұшын беріп, дәулетімізден садақа үлестіріп, Алланың разылығы үшін жамандықтан тыйылып, жақсы істер істеп, ораза тұтып сауаптарымызды еселесек, Жаратқанның алдына барарда жүзіміз жарқын болып, иншаалла сол кезде жәннатқа қол жеткіземіз.
Алпамыс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,
Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің бас имамы