АЗАМАТТАРҒА АЛҒЫС ЖАУҒАН КҮН
немесе
Адасқан сәби қалай табылды?
Адасқан сәби қалай табылды?
Төтенше жағдай саласы қызметкерлері күнделікті қызметтік өмірінде әр түрлі төтенше оқиғалармен бетпе-бет келіп жатады. Қуанышты жағдай да, қайғылы оқиға да көз алдарында өрбиді.
Көбінесе әрбір адам төтенше жағдайдың алдын алуы қажет, әрбір адам өз өмірінің қауіпсіздігіне баса назар аударып, қауіпсіздік ережесі талаптарын қатаң сақтауы керек,- деп қанша насихат жүргізіп жатсақ та, кейде пендешілікпен «салғырттық танытамыз».
Осындай қат-қабат тіршілікте баршамыз үшін де сәбидің күлкісі бәрінен қымбат.
2016 жылдың 29 ақпанында 21 сағат 45 минут шамасында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» телефон нөміріне Қызылорда қаласы Тасбөгет қыстағы «ПМК-19» саяжай бірлестігінде үйінен 17 сағат 00 минут шамасында белгісіз бағытқа шығып, жоғалып кеткен 2013 жылы туылған Нұрәлі Нұрбаевтың жоғалып кеткендігі жөнінде хабар түсті. Хабар түсісімен дабыл бойынша барлық гарнизон қызметкерлері көтеріліп, іздеу жұмысы жүргізілді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қызылорда облысы ТЖД жедел тобынан 5 адам 1 техника, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасынан 4 адам, 1 техника, ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нен 4 адам 2 техника, «Оңтүстік өңірлік аэро ұтқыр ждел құтқару жасағы» ММ-нен 8 адам 2 техника, 3 кинологиялық есебі және ішкі істер қызметкерлері атсалысты. Осылайша, Қызылорда қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері – Ә.Бекмағамбетов, А.Нұрлыбаев, Р.Сәкенұлы, Е.Ыбырай «Нива» автокөлігімен дария жағалауындағы дамбы жиегімен іздеу жұмыстарын жалғастырады. Нәтиже бола қоймаған соң, 4 қызметкер екіге бөлініп, іздеуді жөн деп табады. Азаматтық қорғау капитандары Ә.Бекмағамбетов пен А.Нұрлыбаев дария жағалауындағы тоғай ішінен баланы іздеуді жөн деп табады. Мүмкін балақай осы жерде адасып қалған болар. Иә, рас екен, сәби қалың тоғайдың арасында пысылдап ұйықтап қалыпты. Беті-аузын жылай-жылай көз жасы жуып, кір болған, аяғында етігі болғанымен нәскиі де жоқ екен. Үйден ойнап шығып кеткендігі көрініп тұр. Періште көңілі үйін оңайлықпен қайтып таба алмайтынын білгендей, мүмкін кешкі суықтан тоңғандығы да болар қалың бұтаның арасына кіріп, ұйықтап кетіпті. Ұйықтап кеткені де жақсы болған шығар, әйтпегенде қараңғыдан қорыққан баланың жүрегі шайлығып қалуы да әбден мүмкін еді. Арғы жағын елестету мүлдем қорқынышты... Кішкентай балақанды аман-есен тауып алғанына қуанған жігіттер өздерінің сыртқы киімдеріне орап, жылытып, ата-анасына әкеп табыстайды. Баланың табылғандығы жөнінде «112» жедел байланыс желісіне хабар береді. Осылайша, 1 наурызда 00 сағат 33 минут шамасында тұрғын үйден 1,5 шақырым жердегі Сырдария өзені қасында бұталардың арасында шаршап-шалдығып, әлсіреп, пысылдап ұйықтап жатқан жерінен сәби табылды. Бұл кезде ана қуанышында шек жоқ еді. Ана тебіренісі көзге жас үйірілтетіндей болды. Сәбидің анасы Нұрбаева Аида барлық іздеуге қатысқан мамандарға рахметін айтып, Азамат пен Әмірханға «Алғыс хат» арқылы ризашылығын жеткізді. Онда ана жүрегі былай дейді: «ойнап жүріп жоғалып кеткен ұлымды табуға себепкер болған азаматтарға алғысымызды білдіреміз...». Осы жағдай туралы «Хабар», «Еуразия 1 арнасы», «Қазақстан-Қызылорда», «Қоғам ТД» телеарналары көпшілікке жариялады. Елбасымыздың Жарлығымен биыл бірінші рет атап өткелі отырған «1 наурыз – Алғыс айту күні» қарсаңында дін-аман табылған сәби үшін ата-анасы мен көпшілік төтенше жағдай саласының жігіттеріне алғысын білдірді. Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы А.Нұрлыбаев пен аға инженер Ә.Бекмағамбетовтерді сәбиді аман алып қалғаны және өз міндеттерін адал орындағаны үшін марапаттауға ұсыныс жасалды.
Иә, ана мен бала бір-бірін жоғалтпасын. Бір минөтке де балаларды қараусыз қалдырмайық.
Айгүл НҰРМАНОВА,
Қызылорда облысы ТЖД
Мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы