АЙБЫНЫ БИІК АТА ЗАҢЫМЫЗҒА - 20 ЖЫЛ
Биыл сонау 1995 жылы республикалық бүкілхалықтық референдумда қабылданған Ата Заңымызға 20 жыл толып отыр.
Ата заңымыз-қазақ тарихындағы «Жеті жарғы» сынды бұлжытпас қағидалармен ерекшеленетін, бабадан қалған қасиетті сөздер мен адам өмірінің белгілі бір түзу жолмен өмір сүруге бағыт бағдар беретін заңдардың жалғасы. Қазіргі дүниедегі кез келген мемлекет өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық. Орта ғасырдағы түркі бабаларымыздың бітік жазуына бармағанның өзінде, қазақ даласындағы бізге мейлінше мәліметті болып жеткен «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді заң жүйелері қазақ елі Конституциясының ертеректе қаланған іргетасы іспеттес. Қазақ хандары жолға қойған осы жарғыларды дала конституциясы санасақ, оның «баптарының» сөз бастаған шешендер арқылы қалай өрбігеніне, абыз ақсақалдардың қалай таратып, жөнге салғанына тарихтан көп мысал тартуға болады. Ал кейінгі ХХ ғасыр басында ұлттық тәуелсіздікті ту етіп ұстаған Алаш қайраткерлері дербес Конституция әзірлегені де тарихтан белгілі
Осылайша дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Қазіргі біздің өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап – Ата Заңымызды құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы.
Конституция мемлекеттің бүкіл құқықтық жүйесінің іргетасы, оның ең басты нормативтік қайнар көзі екені шүбәсіз. Ол қоғамдық қатынастарға мақсатты түрде ықпал етудің құралы, саяси жүйенің барлық буындары келісіп жұмыс істеуін қамтамасыз етудің маңызды шарты, заңдылық және құқық тәртібі режімінің кепілі ретінде қызмет атқарады. Ата Заңымыздың 1-бабына сай мемлекетіміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік ретінде орнықтырады, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары оның ең қымбат қазынасы болып табылады. Республика қызметінің түбегейлі қағидалары деп: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен шешу белгіленді.
Осы өткен 20 жыл ішінде еліміз жаңа қоғам құру жолында көптеген бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Республика Конституциясы қазақстандықтар үшін алдағы биік мақсаттарға жетуді – әлемдік қоғамдастыққа ықпалдасқан, азаматтарының әл-ауқатты және лайықты тұрмыс-тіршілігі қамтамасыз етілген, тәуелсіз, экономикалық дамыған мемлекет құру жолында ілгері жылжуды реттейтін іргелі құжат. Еліміздің Негізгі Заңы, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың өзі ұйытқы болған, қиын-қыстау кезде миллиондаған қазақстандықтарды маңайына топтап, құжаттың жобасына дем берген көпжылдық ұжымдық жұмыстың нәтижесі дейміз. Сондықтан бүгінде барымызды бағамдай отырып, тарих үшін қас-қағым кезең ішінде конституциялық құндылықтарды жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды деп кәміл сеніммен айтуға болады. Бұған Мемлекет басшысының өмірдің барлық саласында Конституцияның әлеуеті мейлінше жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған қатаң талабы көбінесе септігін тигізіп, әлі де орындалып келеді.
Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл ел болып жиырма жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сындарлы конституциялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың ө сіп-өркендеуіне негізін қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!
Қымбатты отандастар! Барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. 20 жыл бұрын осы күні халқымыз бүкілхалықтық референдумда Қазақстанды зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретінде жариялаған Ата Заңды қабылдады. Мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына жол ашқан Конституцияның әлеуеті жоғары эко-номикалық өрлеу мен азаматтар әл-ауқатының артуын қамтамасыз етеді. Біздің Конституциямыз «Қазақстан-2050» Стратегиясының әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуі жөніндегі тарихи мақсаттары мен міндеттерін іске асырудың берік негізі болып табылады. Міне ағымдағы жылдың 30 тамызы республикалық референдумда еліміздің Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толады. Ата Заңымыздың мерейтойы жалпы мемлекеттік деңгейде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен бірге тойланбақ. Осы екі айтулы оқиға жылнамамыздағы ортақ байланысты құрайды. Барша қазақстандықтарға бейбітшілік пен ынтымақ, табыс пен құт-береке тілеймін!
Мейрамбек ИБРАШЕВ,
Қызылорда қаласының мамандандырылған
әкімшілік сотының төрағасы