ПЕРІШТЕЛЕР ЖЕРГЕ ЖАҚЫНДАЙТЫН ТҮН
Әлі есімде... Бала күнімде үлкендер Қадір түні жайлы еміс-еміс әңгіме қылатын. Біз де ойлаушы едік. Бұл түні тек жақсылықтар жасалуы тиіс деп. Бала санамыздағы сәуле ұшқыны алдамапты. Расында да, бұл мың айдан да қадірлі қасиетті түн екен.
Әлімсақтан қазақ халқы өздерін мұсылман санаған. Шамасы келгенше, тілін кәлимаға келтіріп, Жаратқанға құлшылығын жасап, тәспісін тартып, дүние тіршілігімен қатар о дүниесін де ойлаған. Сол игі жақсылардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ санасында да «дін жолы» аса қорқынышқа айналмай, Ислами өмір кескін алған жайы бар. Аллаға мың да бір шүкірлік етеміз. Дініміздегі қасиетті күндер тәуелсіздік таңымен қайта жаңғыра түсуде. Мұның айғағы, дәстүрлі дінімізге біршама бетбұрыс жасалғанын байқай түсеміз. Ендеше, Қадір түні қандай түн? Ол күні жасалар құлшылықта қандай құпия бар? Міне, осы сауалдар жөнінде ой тарқатқанды жөн көрдік.
Қасиетті Құранда Қадір түні жайында: «Біз Оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? (Алла тағала білдірмесе) қайдан білесің? Қадір түні мың айдан да артық. Ол түні Алланың рұқсатымен кез келген іс үшін рух пен періштелер түседі. (Әсіресе, ол түнді ғибадатпен өткізгендер үшін) таң атқанға дейін Алланың рақымы мен есендігі жауады», - деп айтылған. Сонымен қатар, Қадір түнінде бір рет «Қадір» сүресін оқу Құран кәрімді хатым етуден де сауапты. Бұл түндегі намаз оқу, ғибадат ету бір ай барлық түнді ғибадатпен өткізгеннен де артық екендігі кейбір риуаяттарда баяндалады. Енді бір хадисте: «Қадір түнін сеніп және сауабын күтіп ғибадатпен өткізген адамның өткен барлық күнәларын Алла тағала кешіреді», - делінген (Бұхари, Мүслим). Пайғамбар хадистері мен сахабалар риуаяттарына қарағанда, Қадір түнінің қай түн екендігі нақты белгісіз. Қадір түні – Рамазан айының ішіндегі бір түн. Ғұламалардың өзі: «Алла тағала разылығын жақсылықтардың ішіне, ашуын күнәлардың ішіне, «орта намазын» бес уақыт намаздың ішіне, әулиесін адамдардың ішіне, Қадір түнін де Рамазан айының ішіне жасырған», - деп өсиет еткен. «Сондықтан, Алла тағаланың разылығына бөлену үшін ешбір жақсылықты кішісінбеу керек. Ашуы күнәлардың ішінде жасырылғаны үшін ешбір күнәні де кіші демеу керек. Орта намазды жіберіп алмау үшін бес уақыт намазды уақытылы оқу керек. Әулиесі адамдардың арасында жасырылғаны үшін барлық адамдармен жақсы мәміледе болу керек. Әр көргенді Қыдыр, әр түнді қадір деп білу керек», - дейді діндарлар.
Ал, мәзһабымыздың негізін қалаған ұлы Имам Ағзам қадір түні Рамазанның 27-түніне көбірек тура келетінін білдірген. «Қадір түніне тура келген түнді ғибадатпен өткізген адам сауапқа бөленеді» деген хадистің тереңіне бойласақ, қасиетті түнді шама-шарқымызша мағыналы өткізгеніміз абзал. Қадір түнін сұраған бір кісіге пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл жылы Қадір түні Рамазанның алғашқы түні еді, өтіп кетті. 27-ші түнді ғибадатпен өткізген адамға денедегі қылдар санындай қажылық, умра, шаһид және ғази сауабы беріледі», - деп жауап қатады.
«Расулуллаһқа өзінен бұрынғы адамдардың өмірлерінің қандай болғандығы білдірілгенде, өз үмметінің өмірлерінің қысқа екендігін көрді. Өмірлері ұзақ болған бұрынғы үмметтердің орындаған салих (жақсы) амалдарын өз үмметі орындай алмайды деп ойланған кезінде, Алла тағала Оған мың айдан қадірлі болған Қадір түнін ихсан етті. Алла тағала: «Қадір түні сенің үмметіңдікі» деп, хабибінің көңілін жайландырды», - дейді Имам Мәлік. Тағы бір хадисте: «Расулуллаһ (с.а.у.): «Исраил ұрпақтарының пайғамбарларынан 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендері болды» дегенде, сахабалар таңырқап қалды. Жәбірейіл (а.с.) келіп: «Я, Расулаллаһ, үмметің айтылған пайғамбарлардың (басқа жұмыстарының тысында) 80 жыл үздіксіз ғибадат еткендеріне таңырқап жатыр. Алла саған одан да жақсысын берді» деп, «Қадір түні мың айдан қайырлы» аятын оқығандығы кей деректерде келтіріледі. Рамазанда барлық жын-шайтандарға шынжыр салынатын болса, Қадір түнінде барлық періштелер жерге мейлінше жақындайды. Бұл түні таң ағарып атқанға дейін Алла тағаланың мейірімі төгіліп тұрады. Бұл рахымдылық жайында «Духан» сүресінің 2-5-аяттарында Алла тағала былай деді: «Анық Кітаппен ант етемін! Біз оны берекелі түні түсірдік, әрі Біз ескертеміз. Бұл түні Біздің әмірімізбен барлық дана істер шешіледі». Қадір түнінде жасалатын құлшылық туралы Айша (р.а.) анамыз пайғамбарымыздан (с.а.у.) былай сұрағаны хабарланады: «Әй, Алланың елшісі, егер мен Қадір түнінің келгені туралы білсем, не айтуым керек?». Ол: «Әй, Алла, расында Сен – кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің. Мені керіше гөр!”,-деп айт»,-деген. Жаратушымызға алақан жайып дұға қылғанымызда бойымызда бір әлсіздік байқалатыны рас. Адами болмысқа тән қасиет бұл. Сонда да болса, жүректен шыққан мынадай жыр жолдарын жасыру мүмкін емес сияқты.
Иншалла! Қайырлы боп Қадір түні,
Мүминнің көкірегі ояу, жаны нұрлы.
Сәжде ет, дұға тіле Хақ иеңнен,
Жуып-шай қателік пен айыбыңды.
Мол сауап нәсіп болсын баршаңызға,
Аллаға сансыз шүкір айтамыз да.
Бұл түнді өткіземіз құлшылықпен,
Әлхамдулилләһ!
Әлхамдулилләһ!
Әлхамдулилләһ!
Иә, осындай қасиетке ие түннің өзіндік белгілеріне тоқталар болсақ, Убәда ибн Самит Алла елшісі (с.а.у.) Қадір түнінің белгілері туралы былай айтқанын жеткізеді: «Қадір түнінің белгісі – таза және жарық, ол түні ай масаттанып (жарқырап) тұрғандай болады. Бұл түні таң атпайынша, жұлдыздар атуға рұқсат етілмейді. Оның және де бір белгісі: таңертең күн сәулесіз, толған ай секілді түзу болып шығады, әрі шайтандарға онымен бірге шығуға рұқсат етілмейді».
Олай болса, бауырлар, Алла нәсіп еткен осындай қасиетті түндерді құлшылықпен өткізіп, мол сауапқа қауышыңыздар. Мына әлемді Ұлы шеберлікпен жаратқан Алла тағаланың уәдесі хақ. Теңдессіз сыйын шынайы құлшылық жасаған құлдарына тарту етері шүбәсіз.
Гүлнұр ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ