ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ, ТЕКТІЛІК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ
Адам тағдырына араша түсу, әділін айтып, заң талабы тұрғысында шешім шығару судья үшін абыройлы міндет. Сондықтанда әрбір істі қарау барысында айыптаушының, қорғаушының түрлі айғаққа толы қарама-қарсы пікірлерін тыңдап, дәлелдемелерді саралау үлкен жуапкершілікті, әрі адалдықты талап етеді. Осы талаптың үдесінен шыға білген тәжірибелі қазы Бақтыбай Сариевтың сот билігіне сіңірген еңбегі, республикалық судьялар қауымдастығы үшін ең жоғарғы марапат белгісі, «сот төрелігіндегі жеткен жетістіктері үшін» берілетін «Үш би» төсбелгісімен бағаланған.
Қырық жылдан астам заң саласында тапжылмай еңбек етіп жүрген Бақтыбай Сариевтей бейнетін берекем деп білек түріп, бел шешкен адам кемде-кем. Судьялық қызметі барысында ол өзінің теориялық білімін тереңірек жетілдіріп, білімдар, судья үшін аса қажетті орнықтылық пен шыдамдылық, ұстамдылық пен сыпайылық секілді қасиеттерді бойына жинақтаған дара тұлға.
«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген қазақта аталы сөз бар. Судьяның бойындағы қара қылды қақ жарған тектілігі оның әкесінен дарыған қасиет. Арал өңіріне белгілі Нағашыбай Сарыұлы - күйші, жыршы, термеші, сонымен қатар, елдің тентектерін түзу жолға салған әділ болған жан.
Әкесі жайлы аз-кем естелікті есіне алған судья Бақтыбай Сариев:
- Ауылдық жерде ақын да, небір талантты тұлғалармен қатар, елдің тентегі де болады. Осыларға тоқтау салып, істің ақ-қарасын әділ ажырататын әкем, дауласқанды бітістіріп, қаншама жастарға ақылын айтып тұратын. Әкем шешен адам болатын. Тамаша күйші, термеші еді. Әріп танымайтын ауылдың қарапайым қазағы таңға дейін терме, жырды жатқа айтатын. Ауылдың жақсы - жайсаңдары үйге жиналып, әкемнің терме-толғауларын тыңдайтын. Жастайынан жетім қалып, ауыртпалықты бастан өткерген әкем әділ төрелігінің арқасында ел аманатын арқалап, сол кездері аудандық кеңеске депутатта болып сайланды. Ол кісі ойына алғанын халқының қамы үшін бас-көзге қарамай, тайсалмай айтып, отыратын.
Тәжірибелі судьямен әңгімелескенде оның қарапайымдылығымен бірге әртүрлі тақырыптарда еркін пікір білдіріп, сауалдарға ынтамен, тереңнен саралап барып жауап беретінін байқадық. Әсіресе, сот тарихы мен сот саласының бүгінгі хал-ахуалы оны бей-жай қалдырмайды.
Өз сөзінде судья Б.Сариев: «сонау тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі сот саласының айырмашылығы жермен көктей. Техника мен өркениеттің дамыған заманына тұспа-тұс келген сот саласы қарыштап дамуда. Алға қарай ілгерілеу мақсатында судьялар мен сот мамандырына қажетті жағдайлар жасалып, сот істерін талқылау заманауи техникамен жабдықталып өткізілуде. Әрбір сотқа қатысушы тараптар сот шешімдерін ғаламтор арқылы оқи алады. Қазіргі техниканың дамыған заманында заңды білмейтін азамат кемде-кем. Жылдан-жылға дамып, өркендеп келе жатқан мемлекеттің алдағы жетістіктері өте мол деп нық сеніммен айтуға болады»-дейді.
Мұрағаттарда шаң басып, сарғайған парақтарда қалған қанды деректердің сырын ашып, айыптаушылардың жасаған қылмысын дәлелдеп, адам тағдырының ақ-қарасын таразылау үлкен төзімділік пен қажырлы еңбекті талап етеді. Кезінде аса ауыр, қасақана кісі өлтіру, жас балаларды зорлау қылмыстарының жоғарғы жазасы – ату жазасы болды.
Сол кезеңдердегі қатал жазаны есіне алған судья Бақтыбай Сариев:
- «Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы қызметінде жүргенде соңғы ату жазасы тағайындалған үкім жадымда сақталып қалыпты» - дейді ол. «Нақтылап айтқанда 1991 жылдары Кеңес үкіметі тараған кезде көліктерді тонау қылмысы жиілеп кетті. Сондай жантүршігерлік, адам өлімімен ұштастырылған қылмыстық топтың ісін төрағасы мен болып, алқада қарадық. Саудамен айналысатын 5 адамды, оның ішінде ерлі-зайыптыларды жол бойында өтіп бара жатқан жерінен тоқтатып, автокөліктегі заттарын тонап, қатігездікпен өлтірген. Біз сотталушылардың екеуіне өлім жазасын тағайындадық. Осы соңғы ату жазасын шығарған үкім болды. Үкім заңды күшіне еніп, орындалғаннан кейін, өлім жазасына маротория жарияланды. Мемлекет қай уақыттада кешірімді болу керек.».
Бақтыбай Нағашыбайұлы Сариев Қызылорда облысы, Арал ауданы Қамыстыбас станциясында дүниеге келіп, өз таңдауымен 1978 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдайды. Білімді еңбекпен ұштастырған ол алғаш рет сот саласындағы еңбек жолын хатшы болып бастаған. Сол хатшылықтан Қызылорда облысының қылмыстық, азаматтық алқаларын басқарып келіп, бүгінде облыстық сот судьясы дәрежесінде қызмет етіп келеді. Қызмет сатысындағы көтерілуі төккен тердің төлеуі, еткен еңбектің өтеуі.
Қызылорда облыстық сотында судья лауазымында отыз жылдан астам өмірін сот төрелігін атқаруға арнап, ардың ауыр жүгін арқалауға бел буған Бақтыбай Сариев қара қылды қақ жарған шынайылығымен лайықты құрметке әрқашан ие болған адам.
Судьяның биік танымы, ұшқыр талғамы мен таудай талабы ескерілгендіктен болар, ол 2006 жылы желтоқсанның 8-дегі жарлық бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен, "Қазақстан Конституциясына 10 жыл” мерекелік медальімен, ҚР Президентінің Жарлығымен марапатталған.
Бұл ақиқаттың жолында адамгершіліктің туын жықпаған азаматқа қандай да мадақ айтылса да жарасымды. Себебі судья Бақтыбай аға – адал еңбегі арқылы лайықты құрметке ие болған кісі.
Ол осы межеден бір сәт ауытқыған емес. Оның жемісті еңбегінің кілті де осында.
Жұмыста әділ судья болса, үйде тамаша әке, немерелері үшін құрметті ата. «Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған» немелерінің тілеуін тілеп, қызықшылығына тоймай отырған, еліне сыйлы жан. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейді халық даналығы. Бүгінде балалары қоғамның әр түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп жүр.
«Мен судьялық еңбегімді облыстық соттың төрағасы Жұматай Ерімбетов, алқа төрағасы Жұбатыр Құлымбетов, Дүзелхан Жансүгіров, Терентьии Югай сияқты заң саласындағы үлкен тұлғалардан тәлім - тәрбие алып бастадым. Осы күнге дейін сол ұстаз ағаларымның әруағына бас иіп келемін.
Бүгінге дейін балалардың жарқын болашағы үшін тапжылмай қызмет еттік. Осы өміріме ризамын. Жаратушы Алладан берген абыройын тілімді, дінімді сақтай гөр, елімді аман, жұртымды тыныш ете гөр деп тілеймін. Қазақ елін күллі әлем терезесі тең ел ретінде таныса, сыйласа, есептессе. Ендігі арман осы» - дейді ол сөзін түйіндей келе.
Қазақта «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген нақыл сөз бар емес пе?! Біз өз тарапымыздан Бақтыбай Нағашыбайұлы Сариевтың деніне саулық тілей отырып, алдағы уақытта еңбегінің жемісін көрсін дейміз.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі