ЖАҢА ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ЖҮРГІЗУ КОДЕКСІН ҚАБЫЛДАУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
Қазақстан егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет болғанан кейін әлеуметтік-саяси және экономикалық заңдарды өзгерту қажеттігі туындады. 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституцияда еліміз демократиялық, әлеуметтік зайырлы жөне құқықтық мемлекет құру жолына түскенін мәлімдеді.
Сондықтан бұрынғы Кеңестер Одағының қылмыстық іс жүргізу заңын толық түрде қабылдау мүмкін емес еді және бұл біздің мемлекет бағыт алған құқықтық саясатқа да сай келмейтін еді. Сондықтан қылмыстық іс жүргізу заңында қажетті реформалар, яғни өзгертулер қабылдау қажеттігі туындады. Осы себептерге байланысты 1997 жылы 13 желтоқсанда Қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданып, ол 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.Соңғы жылдардағы елімізде болып жатқан әлеуметтік-саяси және экономикалық өзгерістер заңдарды батыл түрде өзгерту қажеттігін туғызды. Ұлттық құқықты қалыптастыру жағдайында бұрынғы түсініктегі категориялар мен институттардың және олардың осы заманға лайық мазмұнмен толығуының арасындағы қарама-қайшылық анық көзге түсе бастады.
Бұрынғы 1998 жылдан қолданылып жүрген қылмыстық іс жүргізу заңына енгізілген толып жатқан толықтырулар мен өзгертулер қарама-қайшылық өткірлігін белгілі-бір деңгейде жамап-жасырғанымен, қылмыстық іс жүргізу құқығының бағыты мен мазмұнының негіздеріне оң ықпал еткен жоқ. Себебі, Қылмыстық іс жүргізу кодексін жамап-жасқап, одан әрі жетілдіру енді тиімді бола алмады.
Сондықтан, Жаңа қылмыстық іс жүргізу заңын жасайтын уақыт келді, онда өзге мемлекеттердің құқықтық шығармашылық пен құқық қолдану тәжірибесіндегі барлық бағалы құндылықтар ескерілуі, заңдардың аралас салаларындағы жетістіктер пайдаланылуы, шетел мемлекеттердің іс жүргізу институттары біздің болмысымызға орай түзетіліп пайымдалуы және жүзеге асырылуы қажет болды.
Сондықтан, Президентіміздің 2013 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау жүйесіне реформа жүргізу, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясының, жаңа Қылмыстық-іс жүргізу кодексі мен Қылмыстық-атқару кодексінің жаңа редакциясының жобаларын әзірлеу туралы тапсырма берілген болатын.
Сондықтан, осы жылы Қазақстан Республикасының жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданды.
Жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі 16 бөлімнен, 72 тараудан тұрады және 677 бапты қамтиды.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің ұсынылып отырған жаңашылдықтары қылмыстық іс жүргізу заңнамасын халықаралық талаптарға жақындатуға бағытталған.
Бұл кодекске енгізіліп отырған өзгерістер тергеу органдарының жұмысын елеулі түрде жеңілдетуге және жеделдетуге, қылмыстық істерді жүргізу заңын халықаралық стандарттарға барынша жақындатуға, қылмыстық процеске тартылған азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен қатар, кодексте жалпы сот процесін ашық етуге және сот ісін жүргізудің жариялылығы мен әділдік қағидатын нақты жүзеге асыруға, тараптардың тең құқықтығы мен бәсекелестігіне, қылмыстық істерді қараудың шынайылығын қамтамасыз етуге, құқық қорғау және сот органдарының беделін көтеруге бағытталған.
Сондықтан, заман талабына сай қалыптастырылып, қабылданған Қазақстан Республикасының Жаңа қылмыстық іс жүргізу кодексі алдағы уақытта оң нәтижесін беріп, қылмыстық іс жүргізу құқығының жаңа тұрғыда қалыптастырып, қылмыстық іс жүргізумен байланысты қоғамдық қатынастарды толық реттеп, адам мен азаматтың, қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына септігін тигізетініне зор сенімдімін.
Байқоңыр қалалық сотының
кеңсе меңгерушісі
Асанхан Жұбатханов