БАБАЛАРДЫҢ ЕРЛІГІ – МӘҢГІ ҰРПАҚ ЕСІНДЕ...
Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстың, қанды қырғынның аяқталғанына биыл 70 жыл толады. Бұл мереке – Отанын қорғаған от кешкен ерлеріміздің айбынын асқақтатар, бейбітшілік пен азаттықтың, мәңгі жасампаздықтың айғағы болар, тарихта да, адамдардың жүрегінде де өшпестей із қалдырған айрықша дата.
Сол Ұлы Отан соғысы аяқталып, арада қаншама жылдар өтсе де, оның салған жарасы жазылмай келеді. Қаншама бала әкесіз, ана баласыз қалды. Бұл сұрапыл соғыс біздің де әулетімізді айналып өткен жоқ. Атамыз Нөгербек жасының ұлғаюына байланысты еңбек майданына Серпухов қаласына жіберілсе, ал екі інісі Қасымов Тағажай мен Тағайбектер елін қорғау үшін алапат соғыс алаңына аттанды. Буыны бекімеген әкеміз Сейтқали күні-түні талмастан, қажырлы тылдағы еңбекке араласты. Сөйтіп, барлығы жабылып, жеңісті жақындатты.
Сол соғыстан Тағайжай көкеміз жараланып қайтса, Тағайбек көкеміз оралмады. Алайда, Тағайжай көкеміз жарақатының салдарынан жасы 60-қа жетпей қайтыс болды. Ал, Тағайбек көкеміздің жатқан жерін анықтау мақсатында біраз іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Тек 1995 жылы белгілі журналист Мырқы Исаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесінде көкеміздің 1944 жылдың 4 мамырында шешуші майдан болған Белорусь Республикасы, Витебск облысындағы Петерки атты шағын ауылда қайтыс болғанын анықтадық. Сол уақытта қайтыс болған жерге барып, әруағына тәу ету ойымызда болғанымен, әкеміздің жасының ұлғаюы, сонымен қатар Кеңес одағының тарап, Белоруссия мемлекетімен қарым-қатынастың үзілуі – жоспарымызды кейінге шегеруге себеп болды.
Әкем мені түр-сипатым, сыртқы келбетім жағынан соғысқа жастай аттанған Тағайбек көкемізге қатты ұқсайтыным жайлы үнемі айтып отыратын. Көкеме ұқсатқаны маған қамшы болып тиді ме екен, әйтеуір Белоруссиямен қарым-қатынастың жақсарағанын және Кеңес одағы кезінде Украинада 2 жыл әскери борышымда өтегенімді ескере отырып, сол елге сапар шегу жайлы ойлана бастадым.
Ойымыздың, ниетіміздің ақтығы ма екен, жоспарымыз ойдағыдай өрбіп, қайтыс болғанына 70 жыл толатын көкеміздің басына барып, тәу етпек болдық. Содан тез шешім қабылдап, басшылыққа кіріп, рұқсат сұрап, жұмыстан еңбек демалысымды алып, 1 мамыр күні Белорусь еліне аттанбақ болып қамдана бастадым. Мәскеу қаласына пойызға билет алып, үлкендердің батасын алып, жол жүріп кеттім.
Жол бойы соғысқа аттанып бара жатқан солдаттар көзіме елестей берді. Алайда ол кезде қазіргідей жайлы вагондар жоқ, ашық-тесік, ешқандай жағдай жасалмаған жүк вагондары болған ғой.
Содан 4 мамыр күні таң уақытында астанамыз болған Мәскеу қаласына келіп жеттім. Бұрын Мәскеуде жол-жөнекей болғаным болмаса, қаланы аралаған емеспін. Осы арманымды жүзеге асырайын деп, кешке дейін қаланы аралап, тек атауын ғана білетін Қызыл алаңда, Арбатта және Кремль түбіндегі белгісіз солдаттарға қойылған мемориалдық кешенінде болдым.
Кешкі сағат 23.00 шамасында атақты «Белорусь» теміржол вокзалынан «Мәскеу-Брест» жүрдек пойызына отырдым. Теміржол вокзалында орнатылған мемориалдық тақтада бұл жердің соғыс кезеңінде ұрысқа солдаттарды аттандырып, қарсы алатын орын болғаны туралы жазылған екен. Таңғы уақытта Петерики селосына жақын Орша қаласынан түсіп қалдым. Теміржол вокзалында бір азаматпен танысып, сөйлесе келе оның жеке автокөлігімен жолаушылар тасымалдаумен айналысатынын, осы жерден 30 шақырымдай жерде Петерики селосы маңында бауырластар зираты бар екендігін білдім. Теміржол вокзалында танысқан бейтаныс досым қолының бос екендігін айтып, көмегін ұсынды. Аудандық әскери комиссариат арқылы іздестіруді жоспарлап отырған мен, жаны жайсаң азаматтың көмегіне риза болып, бірден келісе кеттім. Уақытты босқа өткізбей жолға шығып кеттік, кеш таяу Орша қаласына да жеттік. Орша – шағын әрі таза қала екен. Сапарласым қалада кезінде шешуші соғыстардың болғанын, жергілікті халықтың соғыс ардагерлері мен соғыста қайтыс болғандарды өте ерекше құрметтейтінін жеткізді. Әңгіме барысында Қазақстан жайлы жылы лебіздерін білдіріп, салтымызға, халқымызға деген құрметін жеткізді.
Содан бір сағатқа жетпей автотрасса бойында «Бауырластар» мемориалды кешеніне жеттік. Боздақтарға арнап қойылған гранит тақталарды аралап жүріп, көкеміздің аты-жөнін тезарада таптым. Елден ала барған бір уыс топырақты салып, білгенімше құран сүрелерін оқып, көкемізге және сол жерде жатқан барша мұсылмандарға құран бағыштадым.
Еліміз, халқымыз, қазіргі бейбіт өміріміз үшін қасық қанын төгіп, шыбын жанын қиған аталарымның ерлігін мақтан етіп, осындай ержүрек, қайсар бабаларымның ұрпағы екеніме қуандым. Оларды қанша құрметтеп, жағдайын жасап, қолымыздан келгенше көмек көрсетсек те олардың алдындағы парызымызды, борышымызды ешқашан өтей алмайтынымызды түсіндім. Қанша адамның өмірін қиып, қанша адамның жақынынан айырған сұрапыл соғыстың үзік сәттеріне көз жүгіртсек, жау тұтқиылдан шабуылға шығып, 1941 жылдың аяғында Мәскеу қаласының түбінде, ал 1944 жылдың мамыр айында Мәскеу қаласына 500-600 шақырымдай таяу жерде тұрған. Кейін біздің жүрек жұтқан өжет ата-бабаларымыз, қорғаныста тұрған мұздай қаруланған жаудың адуынын қайтарып, Берлинге дейін ығыстырған. Не деген құдіретті, ұлы күш десеңші?! Бұл Отанға, халқына, жеріне деген өлшеусіз махабаттың, құрметтің белгісі шығар.
Сонымен қатар, зұлмат соғыста көз жұмған қаншама адамның аттарын өшпестей етіп тасқа қашап жазып, ескерткіш қойған жергілікті тұрғындарға риза болдым. Сапарласымның жылда Ұлы Жеңіс мерекесінде бүкіл ТМД елдерінен қайтыс болғандардың туған-туыстары, жерлестері, ұрпақтары келіп, мемориалға гүл-шоқтарын қойып, құрмет білдіретінін естігенде одан бетер разы болдым. Күннің арайлап атып, жаймашуақ болып тұрғаны маған ұмытылмастай әсер қалдырып, белгісіз бір күш жол бойы қолымнан жетектеп, жағдайымды жасап жүргендей болды. Жолда ешқандай кедергілер, келеңсіз жағдайлар туындаған жоқ. Осы жайттарды ой елегінен өткізе отырып, ата-бабаларымыздың әруағы разы болып жатқаны шығар деп өзімше ой түйдім.
Содан 6 күн дегенде зор қуанышпен елге оралдым. Елге келгеннен кейін ағайын-туысқандарды жинап, көкемізге арнап ас беріп, барлық жөн-жоралғысын жасадық. Әулеттің үлкендері бұл сауапты іс болғанын айтып, баталарын берді.
Ойымды түйіндей келе, мен бұл сапарымды мақтаныш үшін емес, соғыста шейіт болған өр рухты батырларымызға деген зор құрметімді көрсету үшін, алдарындағы өтелмейтін парызымызды өтеу үшін жасағанымды жеткізгім келеді. Себебі, олар бізге Ұлы Жеңісті, бостандықты, егемендікті сыйлады. Олардың жанқиярлық ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Қайрат БАЙҚАДАМОВ,
Қызылорда облысының ішкі істер департаменті
Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы,
полиция подполковнигі