ЖАСТАРДА ӘДІЛДІККЕ ДЕГЕН СЕНІМ БОЛУ КЕРЕК
Бүгінгі таңда жастар сыбайлас жемқорлық ұғымын және оның зардаптары туралы анық хабардар десек те болады. Әлеуметтік желі немесе бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және орын алған қылмыстық оқиғаларды да оқып, танысып отырады. Дегенмен әлі де болса бұл құбылыстың жойылмай отырғаны қоғамға өз зиянын тигізуде.
Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отырғаны ақиқат. Сондай-ақ, адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні және бар.
Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері көп жағдайда қызметке орналасу, жұмысқа тұру, басқа да тұрғын үй, жылжымайтын мүлікке ие болу тұрғысында көптеп көрініс тауып жатады.
Жастар ресурстық орталығының жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы болғандықтан біздің алдымызға көптеген жұмыссыз жастар келеді. Олардың кейбіреулерінен «танысың болмаса жұмыс табу қиын» деген пікірлерді естіп те қалып жатамыз. Дегенмен, таныс арқылы немесе сыйлық беру арқылы жұмысқа орналасудың қылмыс екендігін жастарға барынша түсіндіреміз.
Орталықтың ықпалымен жұмыссыз жастарды жолдама арқылы мекемелерге, «Жас құрылысшылар» еңбек жасағы арқылы құрылыс мекемелеріне, «Жасыл ел» еңбек жасағына жұмыспен қамтудамыз.
Жалпы, еліміздің әрбір азаматы сыбайлас жемқорлық құбылысына жол бермеуі бағытында өз үлесін қоса білуі керек деп ойлаймын.
Еліміздің әрбір азаматы қандай да бір заңнаманы сәйкесінше қолдана білсе, мемлекеттік қызметкердің өз лауазымын заңсыз қолдануына жол бермесе, яғни заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиімді қолданса еліміз бұл дерттен арылуға септігі тиер еді.
Жемқорлықпен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың ғана емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы болуға тиіс.
Ал, жастарымыз «білімді мыңды жығар» деген қағиданы ұстанып, әділдікке деген сенімдері нық болуы керек.
Өз білімімен еңбеккерлігін көрсетіп, тәжірибесін ұштап, жауапкершілікпен еңбек атқара білген жас жұмыссыз қалмасы анық.
Қалиев Бағлан Аманбекұлы
ЖРО жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы