1 МАМЫР – БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ МЕЙРАМЫ!
«Бірлік болмай - тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел, мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған Қазақстанда 1 мамыр - ынтымақ пен бірлік күні. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа тұрмыс кешіп отырған ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрі, асыға күтер мейрамы.
Бұл күн әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Халық бірлігі мерекесі күні ел азаматтары ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы мен оның сабақтарын дәріптеп, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғарғы бағаланған қазақстандық татулық пен келісімді паш етеді.
Еліміздің басты қорғаушы күші - қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау - Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет болып табылады.
Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын Ата Заңымыз жөнінде былай деген еді «Егемен еліміздің мемлекеттілігін, тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айғақтайтын бірден-бір құжат бұл - Конституция. Ата Заңымыздың алдында ала - құласы жоқ, бәріміз бірдей жауапты, бәрімізде бірдей міндеттіміз!» Расында да біздің Конституция отандастарымыздың құқығын қорғауды мақсат етеді. Тағыда бір маңыздысы - азаматтардың қоғам, ел алдындағы жауапкершілігі мен міндеттерін айқын белгілеп берді.
Ел халқы Конституция талаптарына адалдығы және ондағы міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру арқасында қысқа уақыттың ішінде мемлекеттігін нығайтты, тәуелсіздігін тұрлаулы етті. Ата Заңымыз тұтастықтың, татулықтың кепілі болғандықтан Қазақстан халқы түсіністік, достық жағдайында өмір сүріп келеді.
Статистика деректері бойынша 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екендігі белгілі. Осы ұлттардың арасында ешқандай келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ отаны деп санайды. Елімізде он бір тілде газет-журнал ағылшын, неміс, әзірбайжан, корей, ұйғыр, өзбек, татар және басқада тілдерде жарыққа шығады. Бірнеше тілде театрлар өнер көрсетіп жүр. Олардың барлығын мемлекет өзі қаржыландыруда.
Осындай өнегелі істі әлемдегі өзге мемлекеттерден кездестіру қиын. Осының өзі арамыздағы өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дініне, мәдениеті мен өнеріне деген қамқорлық нышаны.
Осындай ынтымағы мен бірлігі жарасқан елімізде этностарды бұрынғыданда жақындастыру үшін 1 мамыр мерекесінде бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер өтеді. Бүгінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар мерекеде ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы көріністер көрсетіледі. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар және тағыда басқа іс шаралар ұйымдастырылады.
Бірлік бар жерде тірлікте болады демекші, бірлігіміз жарасқан елімізді қалтқысыз сүю оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді. Бұл жолы да біздің ең басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз.
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар. 1 мамыр - Еліміздің тәуелсіздігінің арқасында құрылған негізгі мерекелердің бірі. Олай болса, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елеміздің көк байрағы көкке желбірей берсін, тәуелсіз еліміз жайнап, гүлдене түссін.
Бір шаңырақ астындағы халқымыздың ынтымақтастығы мен өзара ауызбіршілігіміз нығая түсіп, елімізде ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, достық, бірлік мәңгі жасай берсін!
Гүлсина САЙДЖАППАРОВА,
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы,
Заңгерлер Одағының мүшесі.