АСЫҚҚАН КӨЛІК, АЙҒАЙЛАҒАН КОНДУКТОР
Ілби басып, жұрттың жүйкесіне тиіп келе жатқан маршрутты көлік жүргізушісі қала орталығына жақындай бере газды басты.
Көлік кезекті аялдамаға жетер-жетпестен қарғып түскен кондуктор қарлыққан дауыспен айғайға басты:
«Алтынсарин», акимат, площадь, «Ақжан», «Жайна». Пустой маршрут. Орын бар...
Бар-жоғы 13 орындығы бар көлікте иінтіресіп жиырмашақты адам тұрғанын елемейді-ау, бәтшағар. Көбейту кестесін жаттаған балаша күнделікті жүретін жолын тақпақтай айтып, тамағын жыртып-ақ жатыр.
Күнделікті көретініміз осы. Үлкен автобустар келгелі сиреген «Газельдер» қазір қайта көбейе бастаған сияқты. Мейлі ғой, біреудің кәсібіне кесе-көлденең тұрғымыз жоқ. Бірақ, мінген жолаушыға билет бермегені былай тұрсын әуелі мамырлап, кейін арындап жұрттың зәресін алып болады. Жүргізушінің жұрттың көзінше жанай кеткен көлік біткенді боқтап-боралап бітетіні өз алдына бір жыр.
Өткенде осындай бір маршрут кілт тоқтап, ортада тұрған бала оңбай құлады,-дейді салонда жанымда отырған үлкендеу кісі. – Бәріміз шу ете қалдық, бірақ жүргізуші мен кондуктордың кешірім сұрауы былай тұрсын, темірден мықтап ұстап тұрмаған баланың өзі «кінәлі» болып қалды...
Анау-мынау дейтіндей емес бұл айтылған мәселелер маршрутта жүрген «Газельдердің» бәріне ортақ.
Асыққан көлік пен айғайлаған кондуктордан қашан құтылар екенбіз?