ТҰРҒЫНДАРДЫ АЛДАҒАНДАР ТҰТЫЛДЫ
Біз сөз еткелі отырған оқиға таңқаларлық жәйттерге толы. Қызылорда қаласындағы С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде есепші болып қызмет істейтін 35 жастағы Салтанат Құлбаева, Қармақшы ауданының Қызылтам ауылындағы №79 мектепте кітапханашы болып істейтін Айткүл Құлбаевамен алдын ала сөз байласып, бірнеше адамды оның ішінде Қазалы, Шиелі, Жалағаш, Қармақшы аудандарының тұрғындарын алдап, меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасаған.
Оқиға былай басталыпты, Салтанат Құлбаева 2015 жылдың қараша айының ішінде өзінің қайын апасы Айткүл Құлбаевамен кездесіп, жұмысқа тұрғызуға, жоғарғы оқу орындарға оқуға түсіруге, көпқабатты үйлерден пәтер алып беруге көмектесеміз деп таныстары мен бөгде адамдардың ақшаларын алып, пайда табу туралы қылмыстық келісімге келген.
Осы алаяқтық қылмыс жоспарының негізінде, Салтанат Құлбаева 2015 жылдың желтоқсан айында Айткүл арқылы Н.Нұрбаевамен танысып, әңгіме барысында оның мемлекеттік бағдарлама бойынша берілетін пәтерде «Тұрғын үйі жоқ» санатында кезекте тұратынын біледі. Сол мезетте-ақ оған таныстары арқылы 2 ай көлемінде пәтер алуға тұрған кезегін жылжытып, 2 бөлмелі пәтерді алып бере алатынын және ол үшін жалпы 1 миллион 500 мың теңге қажеттігін айтып, И.Нұрбаеваның басын айналдырады.
Осыдан соң, И.Нұрбаева 24 желтоқсан күні Салтанат Құлбаевамен Қызылорда қаласында орналасқан Е.Қабылбаевтың жеке нотариустық кеңсесінде кездесіп, «тұрғын үйі жоқ» санатындағы кезегін жылжытып, 2 бөлмелі пәтер алуға көмектесуі үшін С.Құлбаеваға 1 миллион 500 мың теңге ақшасын, екеуінің арасында жасалған «Договор займаның» негізінде колма-қол санап берген.
Өз кезегінде, С.Құлбаева алаяқтық жолмен иемденген жәбірленуші И.Нұрбаеваның жалпы 1 млн. 500 мың теңге болатын ірі мөлшердегі ақшасын өзінің жеке бас пайдасына жаратқан.
Оңай ақшаның дәмін татып қалғандар мұнан кейін де тоқтай қоймады. 2015 жылдың желтоқсан айының ішінде Айткүл Құлбаева өзінің сырттай танысы А.Алуадиновамен ұялы телефон арқылы әңгімелесу барысында өзінің таныстары арқылы Қызылорда қаласының аумағындағы кез-келген мектепке мұғалім ретінде жұмысқа 300 мың теңге ақшаға орналастыра алатыны жөнінде жалған ақпарат беріп, сеніміне кірген.
Өз кезегінде Құлбаева Айткүлдің жалған сөзіне сенген А.Алуадинова соңғыға өзінің сіңілісі А.Бердалиеваны мұғалім ретінде Қазалы ауданындағы кез-келген мектепке жұмысқа тұрғызып беруін сұрап, ол үшін 300 мың теңге ақшаны өзі беретін болып келіскен.
Осыдан кейін, 2015 жылдың желтоқсан айының 28-інде Салтанат Құлбаева Айткүл Құлбаева өздерінің алдауларына түскен жәбірленуші А.Алуадинованың сіңілісі А.Бердалиеваны мұғалім ретінде жұмысқа тұрғызу үшін өзінің қызы арқылы беріп жіберген 300 мың теңге ақшасын облыс орталығындағы Жанқожа батыр көшесінің бойында орналасқан «Жібек жолы» сауда орталығының ішінде алады. 2016 жылдың 3 қаңтары күні екеуі қайтадан өздерінің қылмыстық іс-әрекеттерін одан әрі жалғастырып, жәбірленуші А.Алуадинованың туысқан інісі Қ.Сырлыбайды Қазалы ауданында орналасқан кез-келген мектепке мұғалім ретінде жұмысқа тұрғызамыз деп алдап, сеніміне кіріп, соңғының А.Тлегенов деген танысы арқылы беріп жіберген 300 мың теңге ақшасын Қызылорда қаласы, А.Тоқмағанбетов көшесінің бойында орналасқан «Қызылорда» қонақ үйінің жанында қолма-қол алып, оны алаяқтық жолмен иемденіп, аталған ақшаларды өзара бөлісіп, бас пайдаларына жаратқан.
Олар алаяқтық іс-әрекетерін тоқтатпай 2016 жылдың маусым айының бас кезінде Қызылорда қаласындағы «Мирас» сауда орталығында жұмыс жасайтын азаматша Ж.Жаненовамен танысып, оған 500 мың теңге ақша берсе таныстарын Қызылорда облыстық медициналық орталығына медбике ретінде жұмысқа орналастыра алатындығы жөнінде жалған айтып, сеніміне кірген.
Олардың алаяқтық ниетпен жасалып жатқан құрықтарына түскен жәбірленуші Ж.Жаненова 2016 жылдың маусым айында өзінің жұмыс орны «Мирас» сауда үйі ішінде Ж.Жаненованың танысы З.Нұрымбетованың 1996 жылы туған қызы Л.Нұрбекті Қызылорда облыстық медициналық орталығына медбике ретінде жұмысқа тұрғызу үшін Салтанатқа 500 мың теңге ақшаны қолма-қол берген.
Осыдан кейін 4-шілде күні Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны А.Жақыповқа қызын Қызылорда қаласында орналасқан медициналық колледждің ақысыз бөліміне оқуға түсіріп береміз деп сендіреді. Салтанат атын «Айгүл» деп жалған айтып, өзін сол колледжде жұмыс істейтін жан ретінде таныстырады.
Одан әрі, қылмыскерлер өздерінің алдауына түскен жәбірленуші А.Жақыповпен Қызылорда қаласында орналасқан «Достық үйі» ғимаратының алдына кездесіп, соңғының қызы 1998 жылы туылған Г.Омарханқызын медициналық колледжге оқуға түсіріп береміз деп сеніміне кіріп, жәбірленуші А.Жақыповтың 500 мың теңгесін алаяқтық жолмен алдап алып, ол ақшаны өзара бөлісіп алып, өздерінің бас пайдаларына жаратқан.
Оңай олжаға құныққан олар 25 шілде 2016 жылы өзінің таныстары арқылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тұрғыны Р.Өмірзақовпен ұялы телефон арқылы танысып, әңгіме барысында Қызылорда қаласының аумағында жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлерден кезектен тыс пәтер алып бере алатындығы туралы жалған айтып, сеніміне кірген.
Алаяқтардың торына аңдаусызда түскен Р.Өмірзақов, 2 тамыз күні Салтанатпен Қызылорда қаласы, Жаппасбай батыр көшесінің бойында орналасқан көпқабатты үйлердің біріндегі жалдамалы пәтерде кездесіп, 250 мың теңге ақшасын санап береді.
Осыдан кейін де тоқтамаған алаяқтар Қармақшы ауданының тұрғыны З.Медеуованы да қармақтарына түсіреді. Оған сіңлісі Б.Медеуованы «белгілі бір соммадағы ақшаға кез-келген балабақшаға тәрбиеші ретінде жұмысқа орналастырып бере алатындығы жөнінде» айтып, 150 мың теңге ақшасын санап алады.
Алайда, алаяқтар ақыры қолға түсті. Салтанат Құлбаева мен Айткүл Құлбаеваларға бөтен мүлікті сенімді теріс пайдалану арқылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет және ірі мөлшерде алдау жолымен жымқырған үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ҚК-нің 190-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Аталған қылмыстық іс 18 қаңтар 2017 жылы Қызылорда қаласының № 2 сотының мәжіліс залында ашық сот отырысында қаралып, басты сот талқылауында екеуі де кінәсін мойындады.
Сотта олардың қылмыс жасаудағы кінәсі өздерінің толық мойындап берген жауаптарымен, жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен және істің басқа да құжаттарымен объективті түрде, жан-жақты дәлелденді.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына орай Айткүл Құлбаеваның кәмелетке толмаған балалары бар екендігі ескеріліп, ол жазадан босатылып, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Сот үкімімен Салтанат Құлбаева Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылып, мүлкін тәркіленіп, 3 жылға бас бостандығынан айыруға сотталып, жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтеуі белгіленді. Сотталушы Құлбаева Салтанатқа 9 жастағы және 1 жастағы кәмелетке толмаған балалары бар әйел болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі қолданылып, он төрт жасқа толмаған балалары бар әйел ретінде жазасын орындау бес жылға дейін, бірақ бала он төрт жасқа толғаннан асырмайтын мерзімге кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар, Салтанатқа пробациялық бақылау белгіленіп, оның мінез-құлқын бақылау Қызылорда қалалық пробация қызметі бөліміне жүктелді.
Жәбірленушілердің заңсыз іс-әрекеттермен келтірілген мүліктік зиянды сотталушылардан өндіру жайлы талап арыздары қанағаттандырылды.
САЯ ТЕМІРБЕКОВА,
мемлекеттік айыптаушы -
Қызылорда қаласы прокуратурасының
бөлім прокуроры, әділет кеңесшісі