ЕЛБАСЫНА ӨМІР БОЙЫ ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІН БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫ БЕРІЛДІ
«Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңы күшіне енді. Аталмыш заңның мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш заң Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мəртебесін, құзыретін жəне қызметін ұйымдастыруды айқындайды. Осы жылдың мамыр айында оны Парламент қабылдап, Қазақстан Президенті 5 шілде күні заңға қол қойған болатын.
Құжатта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі» екені жазылған. Сондай-ақ, заң бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастырады.
Заңда жазылғанындай, Қауіпсіздік Кеңесі ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тəуелсіздікті, аумақтық тұтастықты жəне халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын жəне Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.
«Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тəртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау жəне олардың іске асырылуын бағалау болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстан Республикасының заңнамасына жəне Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сəйкес өзге де міндеттерді орындайды», - делінген Заңда.