БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ: АСТАНА – ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ
Бүгінгі Үкімет отырысын ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қазақстандықтарды алдағы Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтау сөзімен бастады, деп хабарлайды BNews.kz.
"Еліміздің сынақтардан сүрінбей өтіп, дамудың даңғыл жолына түсуі, мұның бәрі еліміздің бас ордасымен байланысты. Ел бола аламыз ба, әлде, заманның алапат желіне ұшып-жоғаламыз ба деген тағдырлы сәтте халықты биік мақсатқа жұмылдырып, болашаққа бастаған Астана жаңғырған жаңа Қазақстанның жарқын символы. Ол қастерлі тәуелсіздігіміздің ұлы тұғыры, Алаш жұртының айбары, Елбасымыздың төл перзенті. Басында өзге түгілі өзіміз күмәнмен қараған ғасыр жобасы Елбасының саяси көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында табысты жүзеге асып, небәрі 20 жылда Арқа төрінде ғажайып қала бой көтерді", - деді Бақытжан Сағынтаев.
Премьер-министр 20 жылдың ішінде елордада болған экономикалық, демографиялық өзгерістерді атап өтті.
"20 жылда қаланың экономикасы номиналды есепте 224 есеге артып, 1997 жылғы 25,7 млрд теңгеден 2018 жылғы 5,7 трлн теңгеге артты. Қалаға салынған инвестиция 20 жыл бұрынғы 19,3 млрд теңгеден 50 есеге артып, былтыр рекордтық 945 млрд теңгеге жетті. Ондағы бюджеттен тыс инвестицияның көлемі 80 пайызға жетті. 20 жылда Астанаға бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлінгенімен, ол қазірге дейін ел қазынасына шамамен 7 трлн теңге салды. Яғни, қаланың дамуына салынған мемлекет қаржысы 3 есе артығымен қайтарылды. Астана халқының саны 20 жылда 3,5 есе өсіп, 1 миллионнан асты", - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ, ол Астананың татулық пен тұрақтылықтың символы ретінде жер жүзіне лайықты үлгі болып жатқанын тілге тиек етті.
"Бас ордамыз дарынды, мақсаткер, еңбекқор, білімді жастардың арман-мүддесін бір арнаға тоғыстырып, барша қазақстандықтарды біріктірген кіндік қала. Ол татулық пен тұрақтылықтың, жасампаздық пен бейбітшіліктің символы ретінде тұтас Еуразияға, одан қалды, жер жүзіне лайықты үлгі болуда", - деді Бақытжан Сағынтаев.