ЕЛБАСЫ ЕУРОПА ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ СУМА ЧАКРАБАРТИМЕН КЕЗДЕСТІ
Кездесу Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-пленарлық отырысы басталар алдында өтті. Келіссөз барысында тараптар инвестициялық ынтымақтастық және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың перспективалары жөніндегі мәселелерді талқылады.
Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына қатысқаны үшін Сума Чакрабартиге ризашылық білдіріп, осындай екі жақты кездесудің дәстүрлі сипат алғанын айтты.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта елімізде бірлескен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Осы жылдар ішінде Қазақстанға 7 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Қазір сіздер Қазақстанмен ынтымақтастықтың еларалық бағдарламасын қабылдадыңыздар. Ірі инфрақұрылымдық бағдарламалар іске асырылуда. Шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, аграрлық кешенді қолдау ісі өзекті болып қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
С.Чакрабарти Қазақстанда инвестициялық белсенділікті ынталандыру үдерісіндегі Шетелдік инвесторлар кеңесі басқосуларының тиімділігі мен маңыздылығы және мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтың дамуы жөнінде айтты.