ЕЛБАСЫ МАЛАЙЗИЯНЫҢ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ МАХАТХИР МОХАМАДҚА ҚҰТТЫҚТАУ ЖЕДЕЛХАТЫН ЖОЛДАДЫ
Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадты Парламент сайлауында «Үміт альянсы» коалициясының жеңіске жетуімен және Малайзия Премьер-Министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтады.
«Сайлау нәтижелері Сіздің парасатты басшылығыңызбен Малайзияның келешекте жаңа белестерді бағындыратынына халықтың сенім артып отырғанын көрсетті. Бұған Сіздің 1981-2003 жылдарда Малайзияның қарқынды дамуына қосқан өлшеусіз үлесіңіз дәлел бола алады.
Қазақстан мен Малайзия арасындағы достық қарым-қатынас жылдан жылға нығайып, жан-жақты өркендеп келеді», – делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Махатхир Мохамадқа жауапты лауазымда табыс, ал Малайзия халқына бейбіт өмір мен бақ-береке тіледі.