ТАУЫҚ ЖЫЛЫНЫҢ БАСТЫ КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІСТЕРІ
Өтіп бара жатқан Тауық жылында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар маңызды тағайындаулар орын алды. Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Премьер-Министрдің орынбасарлары, облыс әкімдері ауысты. Жаңадан Денсаулық сақтау министрлігі құрылып, оның басшысы тағайындалды. Еліміздің шетелдегі дипломатиялық корпусында да өзгерістер болып, Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы өзгерді. ҚазАқпарат осы жылдың ішінде жаңа қызметке келген тұлғалар жайындағы деректерді оқырман назарына ұсынады.
Айта кетерлігі, жыл басында орын алған кейбір кадрлық өзгерістерді Мемлекет басшысы жан-жақты түсіндіріп берген болатын.
«Кейбір кадрлық ауыс-түйістер орын алды. «Бәйтерек» қорында заң бұзушылық пен қаржылық тәртіп бойынша тергеу жүргізіліп жатқандықтан, оның бұрынғы басшылығы мен Ұлттық экономика министрі қызметтерінен босатылды. Соған байланысты, министрлік басшылығына Тимур Сүлейменов тағайындалды, өте білімді, дайындығы мықты, шетелде жоғары білім алған, ағылшын тілін игерген. Тимур Сүлейменов Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақта қызмет етті. Меніңше, бұл таңдау жаман таңдау емес. Денсаулық сақтау министрлігінің алдында үлкен міндеттер тұрғандықтан, Әлеуметтік даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрліктерін бөлуді шештік. Министр болып Елжан Біртанов тағайындалды. Ол да жас, дайындалған, мықты мектептен өткен азамат, Денсаулық сақтау министрлерінің орынбасарлығына екі мәрте тағайындалған. Медицина маманы және менеджер ретінде медициналық сақтандыру қорын құру ісін жақсы қолға алып, халыққа түсіндіру жұмыстарын ойдағыдай өткізеді деген сенімдемін. Бұл әр азаматқа тиімді деп санаймын. Ол министрлікте тәртіп орнатады деген ойдамын», - деді Елбасы.
Президент Марат Тәжиннің Астанаға оралуына, Тасмағамбетовтің Ресейдегі Қазақстан елшілігіне ауысуына қатысты пікір білдірді.
«Тағы бір үлкен ауыс-түйіс орын алды, Ресейдегі Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Марат Тәжин Президент аппаратына өтті. Осыған орай, менімен бірге көп жылдар бойы қызмет еткен Иманғали Тасмағамбетовті Қазақстан елшісі етіп тағайындадым. Ол өзі дәл осы қызметке, нақ осы Ресейдегі елшілікті басқаруға сұранды. Меніңше, бұл жақсы шешім, себебі Мәскеу - біздің ең басты серіктесіміз, жақын көршіміз бен одақтасымыз. Ол жерде беделді, Қазақстандағы және Ресейдегі жағдайды білетін адам отыруы тиіс. Мен осының барлығы біздің ісіміздің, еліміздің игілігіне жарайды деп ойлаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Есте болса, қыркүйек айында алтыншы сайланған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Жұмағалиев пен Ерболат Досаевтың Үкіметке Премьер-Министрдің орынбасарлары болып оралу себебін де түсіндірген еді. Мемлекет басшысының айтуынша, Асқар Жұмағалиевтың Үкімет басшысының орынбасары болып тағайындалуы елімізде «Цифрлық Қазақстан» атты ауқымды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырыла бастауымен байланысты болды.
«Біз көшуге тиісті «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мәні өте зор. Мұнымен барлық елдер айналысуда. Бұл дамудың болашағы, еңбек өнімділігі, жаңа технологиялар және онымен нақты адам айналысуы тиіс әрі күн сайын біздің алдымызда Үкімет атынан есеп беруі қажет. Бұл позицияға білімі бойынша ІТ маманы саналатын Асқар Жұмағалиевті тағайындадым. Ол мен тағайындаған лауазымдарда өзін жақсы менеджер ретінде көрсетті. Оған дәл осы учаске тапсырылады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Ерболат Досаевтың қайта оралу себебін де айтты.
«Экономиканың макроэкономикалық бөлігін күшейту Ерболат Досаевқа жүктеледі. Ол нағыз азамат, джентельмен ретінде өкілеттігін өз еркімен тоқтатқан жағдай болды. Бірақ, бұл оның кінәсі емес. Оның тәжірибесі мен білімі, жұмыс тағлымдамасы еліміздің экономика, қаржы, макроэкономикасын, сонымен қатар бюджетіміздің жартысын тұтынатын әлеуметтік блогын өз қолында ұстауға мүмкіндік береді деп үміт артуға болады», - деді ҚР Президенті.
Сонымен ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне Мәскеудегі Қазақ елінің Елшісі болған Марат Тәжин келді. 1960 жылы дүниеге келген Марат Мұханбетқазыұлы бұған дейін де Президент Әкімшілігінде жұмыс істеп, Әкімшілік басшысының орынбасары - Талдау және стратегиялық зерттеу орталығының басшысы, ҚР Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Сондай-ақ ол ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Сыртқы істер министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы болған.
Ал оның орнына Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалған Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысында дүниеге келген. 1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің Бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Премьер-министрі. 2003 жылдан - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды. 2016 жылдан осы тағайындауға дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
ҚР Үкімет басшысының орынбасары қызметіне келген Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев 1972 жылы туған. Свердловскідегі Суворов әскери училищесін, Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін, Лозаннадағы Швейцария Федералды Технология Институтын бітірген. Еңбек жолын коммерция саласынан бастаған. 2001 жылы мемлекеттік қызметке Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігіне орналасты. Бөлім бастығынан бастап Комитет төрағасының орынбасарына дейін көтерілді. Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы, «Қазақтелеком» АҚ Президенті, ҚР Байланыс және ақпарат министрі, ҚР Көлік және коммуникация министрі, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы лауазымында қызмет атқарды. 2015 жылдан бастап «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы болды.
Премьер-Министрдің тағы бір орынбасары қызметіне келген Ерболат Асқарбекұлы Досаев 1970 жылы 21 мамырда Алматы қаласында туған. Алматы энергетикалық институтын, Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетін бітірді. ҚР Энергетика, индустрия және сауда вице-министрі, ҚР Қаржы вице-министрі, Қазақстан Даму банкі Директорлар Кеңесінің Төрағасы, ҚР Табиғи монополиялар, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау агенттігінің төрағасы ҚР Қаржы министрі, Денсаулық сақтау министрі, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, Ұлттық экономика министрі болған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы қызметін атқарған
Ал 6 жылға жуық «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы болып келген Өмірзақ Шөкеев Үкіметке Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі болып оралды. 1964 жылы 12 наурызда дүниеге келген ол ҚР Экономика министрі, Экономика және сауда министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, «Банк Тұран-Әлем» ЖАҚ Басқармасының төрағасы, ҚР Президенті Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары, Қостанай облысының әкімі, ҚР Президенті жанындағы Жоғары экономикалық кеңестің мүшесі, «Қазақойл» ҰМК» ЖАҚ Бақылау кеңесінің төрағасы, Астана қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, бірінші орынбасар қызметтерін атқарған. 2011 жыл 26 желтоқсандағы №1600 қаулысымен «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының төрағасы болып тағайындалып, Директорлар кеңесінің құрамына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы ретінде сайланған.
Жақып Қажманұлы Асанов ҚР Жоғарғы сотының төрағасы қызметіне келді. Ол 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. ҚР Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысының Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Бас прокурордың аға көмекшісі - Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы, одан кейін Бас прокуратураның Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, ҚР Әділет вице-министрі болып қызмет атқарды. «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. 2012 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Бас прокурорының орынбасары, ал 2016 жылғы 25 сәуірде Президент Жарлығымен Бас прокурор лауазымына тағайындалған.
Қайрат Пернешұлы Қожамжаров еліміздің Бас прокуроры қызметіне келді. Ол 1965 жылы туған. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. ҚР прокуратура органдарында қызмет еткен. Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары болды. 2008 жылғы желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. Кейін Ақмола облысын басқарды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.
Қайрат Пернешұлының орнын орынбасары Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев басты. Ол 1957 жылы 4 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. ҚР Ішкі істер вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігі Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) төрағасының орынбасары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
«АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК« АҚ басқармасының төрағасы болған Ахметжан Есімов «Самұрық-Қазына» АҚ тізгінін қолына алды. 1950 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келген ол Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Ресей қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Экономика ғылымдарының докторы. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Мемлекеттік қаржы салымдар комитетінің төрағасы, ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі, ҚР-ның Бенилюкс мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Алматы қаласының әкімі болған.
Жыл басында жаңадан құрылған Денсаулық сақтау министрлігіне басшы болып Елжан Амантайұлы Біртанов келді. Ол Алматы мемлекеттік медицина университетін, Аризона штатының университетін, Ресей дипломнан кейінгі медициналық білім академиясын, Шарите Университеттік клиникасын (Германия), Тұран университетін, Duke University, Fugua School of Business (АҚШ), Global Executive МВА магистратурасын бітірген. Алматы қаласында жедел медициналық көмек ауруханасының реаниматолог-дәрігері, Республикалық токсикология орталығының басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас токсикологы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтауды дамыту институты» РМК директоры, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ Басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2014 жылғы мамырдан бастап - Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы басқармасының төрағасы. Министр болып тағайындалғанға дейін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі болды.
Маңғыстау облысының әкімі болып Тоғжанов Ералы Лұқпанұлы тағайындалды. Ералы Лұқпанұлы 1963 жылы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ол Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ҚР Әділет министрлігі Дін істер комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. 2008 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Өкімімен Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалып, 2017 жылға дейін жұмыс істеді.
Ерлан Қошанов Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Ерлан Жақанұлы ҚР Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі өкілі болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы қызметін атқарды.
Мәлік Мырзалин Ақмола облысының әкімі қызметіне келді. Ол Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары, ҚР Президенті Іс Басқармасының аппарат басшысы, ҚР Дін істері агенттігінің жауапты хатшысы, ҚР Президенті Іс Басқарушысының орынбасары болған. 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап ҚР Президенті Іс Басқарушысының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти лауазымына Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы сайланды. Ол 1975 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Ташкент қаласында қарилар дайындайтын медресені тамамдаған. Мысырдағы Әл-Азһар университетінде оқыған. Исламабадтағы Әлемдік университетте білімін көтерген. Алматы мешітінің наиб имамы, Ислам институтының ұстазы, Ислам институтының ректоры, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти, Алматы әкімшілігі діни бөлімінің сектор меңгерушісі, ОҚО Сарыағаш ауданының Бас имамы, Мемлекеттік қызмет агенттігінің аға қызметкері, Астана қаласы Әділет департаменті діни істер бөлімінің бас маманы, ҚР Президенті іс басқармасының Әкімшілік ғимараттар дирекциясының директоры болып жұмыс істеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысының өкіл имамы, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы және наиб мүфти қызметін атқарды.