ЕЛБАСЫНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ТЕЛЕКӨПІР ӨТІП ЖАТЫР
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпірі басталды. Шара барысында онлайн режимінде бүкіл ел бойынша жаңа индустриялық-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасын іске қоспақ. Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығарумен айналысатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС зауыты ашылады. Атырау облысында («Жігермұнайсервис» ЖШС) роботты дәнекерлеу әдісімен металл құрастырмалары өндірісі жұмысын бастайды.
Тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Маслодел» ЖШС «Тетра Пак» ЖШС жоғары технологиялық қондырғылармен жабдықталған сүт зауытын ашады. Жамбыл облысында «Шағын және орта бизнесті дамытудың жаңа секторлары» бағыты бойынша «Оргстрой» ЖШС гранит, мәрмәр және гипс өндіру, жарылғыш құрылғыларды өндірудің жаңа технологиясын өңдеу жөніндегі өндірісін іске қосты. Қарағанды облысында ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын «Recycling Company» ЖШС жұмыс істей бастамақ. Кәсіпорын жылына тозығы жеткен автокөліктердің 50 мыңын қайта өңдеуге қауқарлы.
Сондай-ақ, Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастайды.
Сонымен қатар, Елбасының қатысуымен өтіп жатқан телекөпірде бірқатар жобалардың құрылысы басталады деп күтілуде. Павлодар, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облысында инновациялық жобалардың құрылысы бастау алады. Олардың қатарында Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Гежуба Цемент» ЖШС қолға алған цемент зауыты бар.
Жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент өндіретін зауыттың құрылысын келер жылдың соңында аяқтау көзделуде. Өндіріс орны толықтай іске қосылған кезеңде мұнай-газ және уран өндірісіндегі кең қолданыстағы тампонажды цементпен елдегі сұранысты 100 пайызға қамтуға болады.
Өндіріс орны пайдалануға берілген кезде 260 жаңа жұмыс орны құрылмақ.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстанда 1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды.