ЕЛБАСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы сапары барысында өңір тұрғындарымен кездесті. Оған еңбек сіңірген ардагерлер, шығармашыл зиялы қауым өкілдері, білім және ғылым саласының қызметкерлері, өнеркәсіптік кәсіпорындарының жұмысшылары, студент жастар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Қазақстан Президенті өңірдің химия өнеркәсібін дамыту саласындағы әлеуеті зор екенін айтып, индустриялық және инфрақұрылымдық бағдарламаларды тиімді іске асырудың маңыздылығына тоқталды.
– Химия саласы облыстың бүкіл өнеркәсіп өндірісінің 20 пайыздан астамын құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы арқылы өңірде 53 жоба іске асырылды. Осы мақсатпен 158 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолы салынды. Қаратау мен Жаңатас қалаларына едәуір қолдау көрсетілді. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламалар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Елбасы өңірдің аграрлық секторын дамыту перспективалары жөнінде де айтты.
– Ауыл шаруашылығында 34 жоба іске асырылды. Оның жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайды. Тек соңғы 3 жылда облыстағы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне берілген мемлекеттік субсидия 35 миллиард теңгеден асты, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті халқымыздың бірлігі мен мемлекетіміздің тұрақтылығы ел дамуының негізгі факторы болып саналатынын айтты.
– Мұның бәрі – барша қазақстандықтар бірлігінің, келісімі мен достығының, қоғамдағы тұрақтылықтың нәтижесі. Біздің бітімгер мемлекет атанғанымыз бекер емес, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы шешімін таппай тұрған бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Өңірдің әлеуметтік даму көрсеткіштері төмен. Жалпы, облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де толықтай ашылмай отыр. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамыту барысында 5 жобаны іске асыру көзделген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бір де бір жоба іске қосылмаған, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қазіргі уақытта заманауи химия кластерін құру жөніндегі жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге көптеген жобалар толық қуатымен жұмыс істеп жатқан жоқ. Газбен қамтамасыз ету, автомобиль және темір жолдарын салу сияқты инфрақұрылым мәселелері шешілмеген.
– Ал, Қаратау мен Жаңатас қалаларындағы жобаларды және «Химпарк-Тараз» арнайы экономикалық аймағын іске қосу арқылы облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемін едәуір арттыруға болатын еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың назарын облыс тұрғындарын өнімді жұмыспен қамту мәселесінің шешілмей отырғанына аударды.
– Өзін-өзі жұмыспен қамту өзекті мәселеге айналды. Бүгінде экономикалық тұрғыдан белсенді 523 мың адамның 44,6 пайызы – өзін-өзі қамтығандар. Бұл – республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Өзін-өзі қамтығандарға келсек, олар барлық елдерде бар. Мәселе бұл адамдардың, біріншіден – өнімді жұмыспен қамтылуында, екіншіден – ашық, заңды түрде жұмыс істеуінде, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнеске арналған инфрақұрылым дамуының жеткіліксіз екенін айтты.
– Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылған халықтың небәрі 24 пайызы жұмыс істейді. Бизнеспен айналысу жағдайларын жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Болашақ ірі кәсіпорындардың емес, шағын және орта бизнестің қолында. Нарықтың сын-тегеуріндерін бірден байқап, жедел қайта мамандануға бейім тұратыны да осы шағын және орта бизнес, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті аграрлық саланың әлеуеті жеткілікті түрде тиімді пайдаланылмай отырғанын атап өтті.
– Аграрлық сектор экономиканың және шикізаттық емес экспортты өсіру драйвері болуға тиіс екенін айтқанмын. Облыста бұл саладағы еңбек өнімділігінің көрсеткіші төменгілердің бірі болып отыр. Ал, осындай көрсеткіш Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында едәуір жоғары. Облыста жер учаскелерінің көп бөлігі тиімді пайдаланылмай келеді. Оларды отбасылық ферма ретінде пайдалану үшін тиісті жұмыстар жүргізу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Содан соң Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғыртуға арналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ауқымды бағдарламаны сапалы іске асыру қажеттігіне тоқталып, оның Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушылардың барлығына жақсылық, бақ-береке мен сәттілік тіледі.