ОБЛЫС ӘКІМДЕРІ АЙМАҚТЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН БАЯНДАДЫ
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында инвестициялар және даму, білім және ғылым, денсаулық сақтау министрлері, сондай-ақ облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындық барысы туралы баяндамаларымен таныстырды.
ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек алдағы жылыту маусымына дайындық мақсатында 2017-2018 жылдарға арналған жұмыстар жоспары бекітілгенін айтып өтті. Оған сәйкес 15 қазанға қарай барлық нысандарды, соның ішінде дербес қазандықтар мен инженерлік желілерді дайындау жұмыстары толығымен аяқталады, сондай-ақ, бүкіл дербес жылу көздері отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда білім берудің 11 139 нысаны – жоспар бойынша 100% жөнделген. Денсаулық сақтау нысандары бойынша 6 445 нысанды жөндеу көзделген болатын, олардың бүгінде 98%-ы дайын. Жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған 43 572 тұрғын үйдің 88,2%-ы дайын.
Жылу көздері туралы айтар болсақ, жергілікті атқарушы органдар 10 326 дербес қазандықты жөндеуді жоспарлаған, олардың 94,3%-ы әзір. Қазіргі кезеңге жоспарланған 2 113 шақырым жылу желісінің 2 000 шақырымы жөнделген. Бүгінгі таңда Алматы, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жылу желілері шамамен 85%-ға дайын. Сумен жабдықтау желілерін әзірлеу аясында, жоспардағы 2 040 шақырымның 87,6%-ына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Отын әзірлеу мәселесі бойынша, дербес қазандықтардың отынға деген қажеттілігі алдағы маусымда 1 227 мың тонна көмір мен 122 мың тонна мазутты құрайды. Бүгінгі таңда 1 070 мың тонна көмір (87,2%) және 63,6 мың тонна мазут (52%) өндірілген.
ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім және ғылым министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, білім беру нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына мониторинг жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Облыстардың және Астана мен Алматы қалалары әкімдіктерінің ақпараты бойынша жылыту маусымына 2 617 мемлекеттік балалар бақшасы, 7 094 мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп, 473 колледж және 130 жоғарғы оқу орны дайын. Білім беру нысандары жылыту маусымына әзірлік бойынша актілерді алды.
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2017-2018 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстары коммуналдық қызметтермен бекітілген кестелерге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Барлық өңірлерде денсаулық сақтау ұйымдарын жылыту маусымына дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр .
Республикада денсаулық сақтаудың 5 774 нысаны (арендалық және жекеменшік нысандарды есепке алмағанда) жұмыс істейді, олардың: 822-сі орталықтан жылытылады, 312-сі электрмен, 3 815-сі қатты әрі сұйық отынмен және 825-і газ жабдығымен жылытылады.
Жөндеу және даярлау жұмыстары, отын сатып алу және жеткізу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Республикалық маңызы бар 41 нысан бойынша жылыту маусымына орташа дайындық 98%-ды құрайды, 37 нысан әзірлік актісін алды, 4 нысанда жұмыстар жалғастырылып, оны 30-қыркүйекке дейін аяқтау көзделген.
ЖАО мәліметіне сәйкес, жергілікті маңызы бар 5 733 нысанның жылыту маусымына дайындығы орта есеппен 92%-ды құрайды. Сонымен қатар 11 өңірде жұмыстар 90% және одан жоғары пайызға орындалған. Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің отырысы кезінде Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов, ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Астана әкімі Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа сөз сөйледі.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды, сонымен қатар өңірлерге отын сатып алуға бөлінген қаражаттар туралы деректерді жинақтауды тапсырды. Аталған жұмысқа жауапкершілік ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.