НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ ӘКІМДЕРДІҢ ӨҢІРЛЕРДІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен даму бағдарламаларының іске асырылуы және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде Ақмола облысы Бурабай кентінде өткен кеңесте Елбасы балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады. Отырыс барысында мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру, рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есептер тыңдалғаннан кейін күн тәртібіне сәйкес, өңірлерді дамыту мәселелері талқыланды.
Алғашқы болып Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев сөз сөйледі. Қазақстан Президенті елордадағы көлік жүктемесінің проблемаларына, балабақша мен мектептерде орындардың жетіспеушілігіне назар аударды.
Ә.Исекешевтен кейін сөз Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке берілді. Мемлекет басшысы қаланың экономикасына шағын және орта бизнесті тарту және инфрақұрылым салу үшін жерді және баспананы алу үдерісіне қатысты мәселелерге тоқталды.
Бұдан соң Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин есеп берді. Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өндіретін кәсіпорындар жүктемелерінің төмен екенін айтып, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірдің туристік кластерін дамытуға қаражат қарастыруды тапсырды.
Елбасы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасын талқылау барысында кеңеске қатысып отырған облыс басшыларына бірқатар әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруда осы өңірдің тәжірибесін қолдануды ұсынды.
Алматы облысының дамуы жөнінде өңір әкімі Амандық Баталов баяндады. Қазақстан Президенті Алакөлдің туристік инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың есебін тыңдап, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновке сөз берді. Мемлекет басшысы облыста инвестиция көлемінің 21%-ға төмендегенін айтып, өңірге инвесторлар тарту жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажет екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Қарашығанақ санитарлық-қорғау аймағын кеңейтуге байланысты Березовка ауылының тұрғындарын уақтылы әрі толық көшіру мәселесі талқыланды.
Одан кейін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың есебі тыңдалды. Қазақстан Президенті облыстағы шағын және орта бизнес өнімі көлемінің төмендегеніне тоқталып, тұрақты нәтижелі жұмыспен қамтуды арттырудың маңыздылығына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасаған Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа Қаражал, Жәйрем кенттерінің тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Елбасы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің баяндамасын талқылау барысында өңірдегі бала өлімі проблемаларына назар аударды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады. Нұрсұлтан Назарбаев облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің баяндамалары мен есептерін тыңдап, отырысты қорытындылады.