БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВҚА ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН ЖЕРЛЕРДІҢ КӨЛЕМІН АРТТЫРУ БОЙЫНША ҚОЛДАНЫЛҒАН ШАРАЛАР БАЯНДАЛДЫ
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының алғашқы нысаны Сырдария өзеніндегі су тасқыны кезеңінде су жинауға және ауыл шаруашылығына арналған жерлерді суаруды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін гидротехникалық құрылыс болды.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов Мемлекет басшысының тасқын суды жинау және суарылатын жерлердің көлемін арттыру бойынша тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы баяндады.
Қызылорда облысында егін шаруашылығы суармалы жерлерде ғана жүргізіледі, оның жалпы ауданы шамамен 240 мың га құрайды, оның ішінде ауыспалы егіске ағымдағы жылы 180 мың га тартылды, бұл өткен жылға қарағанда 10 мың га-ға артық. Суармалы егін шаруашылығы алқабын кеңейту гидротехникалық құрылыс, оның ішінде Қызылорда су торабы арқылы жүзеге асырылады.
Қызылорда су торабының жобалық қуаты – Қызылорда қаласы және облыстың Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандары аумағында орналасқан ауыл шаруашылығына арналған 110 мың га жерді және 250 мың га шабындық жерлер мен жайылымдарды суаратын сумен қамту.