КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ – ҮКІМЕТ ЖҰМЫСЫНЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ
Кеше Астанада ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП IV съезіне қатысты, онда кәсіпкерлік ортаны дамыту мен оған қолдау көрсету мәселелері қаралды.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет жұмысының негізі Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында алға қойылған міндеттерді орындау екенін атап өтті. Кәсіпкерлікке қолдау көрсету Үкімет жұмысының маңызды бағыты болып табылады.
Үшінші жаңғыру аясында өнеркәсіпті жылдамдатылған технологиялық жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол кәсіпорындардың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, процестерді автоматтандыру жұмыстан босатуға әкеледі.
Осыған орай, Үкімет жаңа өндіріс орындарын ашу мен жаңа жұмыс орындарын ашатын жаңа –сервистік - экономиканы ынталандыру жұмыстарын жүргізуде. Денсаулық сақтау саласының әлеуетін дамыту үшін қайта реттеу шаралары қабылданып, рұқсат құжаттарының саны азайтылып, заңнамалық кедергілер жойылады.
АТ-технологияларды дамыту үшін Кремний алқабындағы АҚШ технопарктерінің, Ресейдегі Иннополистің және Беларусьтағы Жоғары технологиялар паркінің тәжірибесі зерттеледі. Астанада ЭКСПО-2017 нысандарының базасында халықаралық стартап-хаб құрылады.
Үкімет пен «Атамекен» ҰКП бірлескен жұмысының алдын ала қорытындылары бойынша «Атамекен» ҚР ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ө. Шүкеев сөз сөйледі.
ҚР инвестициялар және даму министрі Ж. Қасымбек ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың ШҚО-ға жұмыс сапары барысында көтерілген қазақстандық қамтуды дамыту аясында тауарлар мен қызмет көрсетуді жеткізу туралы мәселелерді шешу туралы баяндады.
ҚР ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов несиелеудің қолжетімділігі, инфрақұрылымға және жер телімдеріне қолжетімділік мәселелерін және Алматы облысының туристік қызметінің субъектілері қозғаған салық салу мәселелерін шешу туралы баяндады.
Қаржы министрі Б. Сұлтанов ШОБ субъектілерін тексеру санын қысқарту шаралары туралы баяндады. Салық кодексінің жобасында тексеруге негіздемелерді 36-дан 14-ке, яғни 56%-ға қысқарту қарастырылған.
Еске салсақ, ағымдағы жылғы 14 маусымда Астанада, ҰКП Төралқасының Төрағасы Тимур Құлыбаевтың басшылығымен «Атамекен» ҰКП IV Съезі өтті, оның жұмысына еліміздің барлық өңірлерінен делегаттар қатысты.