ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Б. САҒЫНТАЕВ ӨРТ ҚАУПІ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДЫҚТЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРДЫ
ҚР Үкіметінің отырысы барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жоюға даярлық шараларын қабылдауды тапсырды.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму министрліктеріне облыстардың, Астана мен Алматының әкімдіктерімен бірлесіп, қажетті шараларды қабылдап, еліміздің табиғат қорғау және орман мекемелерін техникалық-өрт сөндіру жабдықтарымен жарақтандыруды тапсырды.
Б. Сағынтаев қауіп орын алуы мүмкін өңірлерде өртке қарсы ерікті құрамалар мен бекеттер құру мәселесін қарауды тапсырды. Бұдан өзге, тиісті ережелерді сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.
ҚР Премьер-Министрі Б.Сағынтаев барлық жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге ІІМ әзірлеген шаралар жоспарын жүзеге асырып, балаларды сауықтыру лагерьлерін, шипажайлар мен демалыс орындарын өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етуді тапсырды.