ҮКІМЕТТЕ АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бұл құжаттың БАҚ, телерадио хабар тарату, ақпараттандыру және байланыс саласындағы қоғамдық қарым-қатынастарды құқықтық реттеуді қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты. Заң жобасында 250-ге жуық түзетулер бар және ол 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.
Заң жобасында азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған, атап айтқанда, дау-дамайларды сотқа дейін шешу процедурасын жетілдіру жолымен ақпаратты теріске шығаруға құқықты іске асыру мәселелері бойынша нормалар қарастырылған. Сонымен қатар субтитрді және сурдоаударманы кеңінен қолдану арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың рұқсатынсыз олардың суретін қолдануға арналған талаптар тізбесі бекітіледі.
Сонымен қатар ақпараттық кеңістікте балаларды қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептерге бейімделген Интернет контентін ұсынуға арналған талаптарды енгізу, құқық бұзушылық әрекеттері нәтижесінде зардап шеккен бала туралы жеке мәліметтер мен оның суретін баланың өзінің немесе оның заңды өкілдерінің келісімінсіз қолдануды шектеу тәрізді өзгерістер ұсынылып отыр.
Заң жобасына ұсақ заң бұзушылықтар бойынша БАҚ қызметін тоқтату немесе тиражды тәркілеу сияқты әкімшілік жаза қолдануды алып тастайтын нормалар енгізілген. Мемлекетпен БАҚ-тың өзара әрекеттестігін жетілдіру мақсатында «ресми хабар» ұғымын енгізу, БАҚ-тың жазбаша және ауызша сұраулары бойынша оған ақпарат ұсыну процесін реттеу жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, отандық телевизия нарығын одан әрі дамытуға қатысты өзгерістер енгізу көзделуде. Онда отандық өндірістегі телеөнімдердің міндетті көлемін реттейтін заңнамалық нормаларды қайта қарау қамтылған.
Байланыс саласында бірқатар нормаларды қабылдау жоспарланып отыр, оның ішінде ұялы байланыс операторларына бөлінген радиожиілік спектрлерін бірлесіп пайдалануға құқық беру, ақпараттық жүйелерді реттеу, «электронды үкімет» ақпараттандыру объектілерінің қорғалу деңгейін арттыру, шетелдік операторлармен трафик алмасатын байланыс операторларының қызметін мемлекеттік реттеу мен бақылауды жетілдіру және тағы басқалары бар.
Министр атап өткендей, заң жобасымен жұмыс толық ашықтық және жариялылық жағдайында жасалды. Ол үшін белгілі ҮЕҰ, сонымен қатар журналистер қауымының, салалық ұйымдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен Парламент депутаттары енген жұмыс тобы құрылды. Заң жобасын әзірлеу уақыты ішінде 200-ден астам ұсыныс келіп түсті, оның 70% ескеріліп, құжатта көрсетілді.