ӘСКЕРИ АЗАМАТТАРДЫҢ ЖЕСІРЛЕРІНЕ ӨТЕМАҚЫ МӨЛШЕРІ ЖАҢА ҮЙДІҢ ҚҰНЫМЕН ЕСЕПТЕЛЕДІ
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Ресупбликасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Әскери қызметтің әлеуметтік аспектілері, тұрғын үй қатынастары туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістер де көрсетілген. Олар әкери қызметшілерге және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне де қатысты. Атап айтқанда, азаматтар әскери міндеттерін орындаған кезде ғана емес, сонымен қатар осы қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілердің жесірлеріне қызметтік тұрғын үй беру ұсынылады. Бұл ретте қызметкерлердің жесірлеріне өтемақы мөлшерін жаңа тұрғын үйдің құнына сүйене отырып есептеу қарастырылып отыр»,-деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров заң жобасы бойынша баяндама жасау барысында.
Бұдан бөлек ол заң жобасы аясында білім беру мәселелері бойынша де түзетулер енгізіліп жатқандығын жеткізді.
«Біріншіден, ҚР Қарулы Күштерінде техникалық және кәсіптік білім беру саласын кеңейту ескеріліп отыр. 2015 жылы үш әскери мектеп Білім және ғылым министрлігінен Қорғаныс министрлігінің қарамағына ауысты. Олар мектеп, институт, университет бірыңғай әскери білім беру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Екіншіден, бұл әскери оқу орындарынан оқудан шығару тәртібін регламенттеу қарастырылған. Қолданыстағы заңнамада осы мәселе тиісті дәрежеде реттелмеген»,-деді министрдің орынбасары.
Сонымен қатар ол әскери медициналық кадрларды даярлау мақсатында әскери интернатура енгізу мәселесіне тоқталды.
«Біз әскери медицина факультетін аштық және интернатурасыз әскери дәрігерлерлі даярлау мүмкін еместігін жеткізгіміз келеді. Мұнымен қоса, «әскери ғылым» деген ұғымды енгізу және қорғаныс зерттеулер жүйесін одан ары қарай дамыту мәселесі қамтылып отыр. Қазіргі заманғы соғыстарды жүргізудің жаңа шарттары ғылыми тұрғыдан тиянақтауды қажет етеді. Әскери ғылыми әлеуетті күшейтпей, елдің әскери қауіпсіздігін нағайту туралы сөз қозғау мүмкін емес. Нәтижесінде, осы түзетулер ҚР Қорғаныс министрлігі жүргізіп жатқан кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және әскери ғылымды дамыту жөніндегі жұмысты аяқтауға мүмкіндік береді»,-деді Мұхтаров.