ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ КӨШПЕЛІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Мемлекеттік хатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бүгінде Қазақстанның үшінші жаңғыруы жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Бұл – саяси реформа, экономикалық жаңғыру және қоғамдық сананы жаңғырту.
Қоғамдық санасы биік, денсаулығы мықты әрі білімді ұлт қалыптастыру аталған міндеттерді орындаудың негізгі шарты болып саналады. Адамдардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру жолында отбасы институты басты рөл атқарады. Отбасы мемлекеттің тірегі ретінде ерекше назар аударуды, қамқорлықты, азаматтардың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуды қажет етеді.
Басқосуда ана мен баланы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау жөніндегі кешенді мемлекеттік шаралар мәселесі қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда балалы-шағалы отбасын қолдаудың ұлттық моделі әзірленген. Ол бала тууға ынталандыру мен отбасындағы бала тәрбиелеу ісіне жәрдемдесуге, көпбалалы аналардың беделін арттыруға, мүгедек балалар мен олардың отбасыларын, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдер жүйесіне негізделген.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 шілдеден бастап бала тууға байланысты төленетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 20%-ға көбейтіледі. Бұдан бөлек, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс мөлшері қайта қаралмақ. Бұл 3 млн азамат үшін базалық зейнетақының, мүгедектерге, асыраушыларынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақының, мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге арналған атаулы көмек пен жәрдемақының мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді.
Отырыста, сондай-ақ, Қазақстанда ұнды қосымша дәрумендермен байыту жөніндегі мәселе қаралды. Бүгінде ұн тартатын 90 кәсіпорын оның құрамын байытумен айналысады.
Сонымен қатар, тұрғындарды ақпараттандыру ісін жетілдіру, балаларды зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен, БАҚ және әлеуметтік желілер мен әлеуметтік жарнама арқылы таралатын зиянды ақпараттан қорғау жөніндегі мемлекеттік шаралар мәселесі қаралды. Білім және ғылым министрлігі мен Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметі бойынша, балалардың денсаулығына, олардың адамгершілік тұрғысынан және рухани дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған жаңа нормаларды «баланың жасына сәйкес келетін ақпарат» ұғымын заңнамаға енгізу арқылы орнықтыру көзделуде. Сондай-ақ білім мекемелері мен байланыс операторларына интернет-трафикті сүзгіден өткізу қызметін көрсетуді ұсыну жөніндегі талапты бекіту жұмысы жүргізілуде.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова отырыс соңында мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді.