ЕЛІМІЗДЕ ЖАҢА БАҒДАРЛАМА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі биыл «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарын жандандырып, салаға қатысты заңдарға өзгерістер әзірлейді.
Бұл туралы сала министрі Дәурен Абаев ведомство жанындағы қоғамдық кеңес отырысында мәлімдеді. Кеңесші орган алдында есеп берген министр елдегі компьютерлік сауаттылық деңгейі 35 пайыздан асқанын атап өтті. Ғаламторды пайдаланатын қарапайым тұрғындар саны да өсіп, 84 пайызға жетті.
Қоғамдық кеңес мүшелері мемлекеттік қызмет көрсетуді дамытуға арналған мәселелерді де талқыға салды. Биыл қоғамдық кеңесте осы салаға қатысты 17 жоба талқылаудан өтті.
Сондай-ақ бүгінгі отырыста Ақпарат және коммуникация министрлігінің алдағы атқарылар міндеттері де сараланды.
-Бізде екі-үш үлкен мақсат тұр. Біріншісі, заңдағы өзгерістер. Бұл төрт саланы қамтиды. Ақпарат саласы, екінші телекоммуникация саласы, үшінші байланыс саласы, төртінші мемлекеттік қызметтегі қызмет көрсету саласы. Осы жұмыстарды біз ең басты назарға алып отырмыз. Осы өзгерістер бизнестің дамуына көмектеседі деп ойлаймын, – деді министр.
Дереккөз: 24.kz