ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ: ШЕТЕЛ ИНВЕСТИЦИЯЛАРЫН ТАРТУ - ҚР СІМ ЖҰМЫСЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ
Сыртқы саясат ведомствосы қызметінің негізгі бағыттары - шетел инвестицияларын тарту, отандық экспортшыларға дайын өнімді әлемдік нарықтарға шығаруға көмектесу, сонымен қатар индустриалды-инновациялық жобалар мен «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға көмек көрсету. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтты.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы тиімділігі жоғары, перспективалы тетіктерді атап көрсеткен. Соның ішінде Ұлттық инвестициялық және экспорттық стратегияларды әзірлеу мен қабылдау, «Kazakh Invest» және «Kazakh Export» инвестициялар мен экспорт жөніндегі ұлттық компанияларды құру, сондай-ақ, сыртқы сауда мәселелері бойынша Үкімет құрылымында өкілеттіктерді қайта бөлу.
Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, Қазақстанда инвесторлармен барлық деңгейде өзара іс-қимыл орнататын тиімді институттар құрылған.
«Мемлекет басшысының төрағалығымен жүйелі түрде Шетел инвесторлары Кеңесінің отырысы өткізіліп тұрады, кезекті отырыс Астанада ЭКСПО-2017 өткізу барысында өтеді. ҚР Премьер-Министрі басшылық ететін Инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі мен «Инвестициялық штаб» деп аталатын инвесторларды тарту мәселелері жөніндегі Үкіметтік кеңес жұмыс істейді. Сонымен қатар Инвестициялық омбудсмен институты қызмет көрсетеді», - деді Қ. Әбдірахманов.
Министр мемлекеттік органдардың бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде Қазақстанға 2005-2016 жылдар аралығында 242 млрд доллар тікелей шетел инвестициялары тартылғанын, соның ішінде өткен жылы 20,6 млрд доллар тартылғанын мәлімдеді.
2016 жылы шетелде сауда-экономикалық және инвестициялық тақырыпта 300-ден астам шара өткізілді, шетелдік делегациялардың Қазақстанға және экономикалық қазақстандық делегациялардың түрлі шараларға қатысуға, сондай-ақ әлеуетті серіктестермен арнайы кездесулер мен келіссөздер өткізу үшін шет елдерге 600-ден астам жұмыс сапары ұйымдастырылған.