БОЗЫМБАЕВ ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ЖЭО-ДА БОЛҒАН ЖАҒДАЙҒА ТҮСІНІК БЕРДІ
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қызылорда қаласындағы ЖЭО-да мұржаның құлауы фактісіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір ол жерде комиссия жұмыс істеп жатыр. Осы орайда олар өздерінің тұжырымын мәлімдеуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдар комиссиямен бірлесе барлық мән-жайды баяндайды. Менің білуімше, бұл нысан Жылу электр орталығының 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істемей тұрған бөлігі. Аталған аймақта тазарту жұмыстары жүрзіліп, ескі нысан сүріліп жатқан болатын. Тәжірибеге сүйенсек, егер де осындай жағдайда адамдардың өмірі қиылса, онда техникалық қауіпсіздің ережесі бұзылғандығы анықталады. Сондықтан да тиісті комиссия барлығын зерделеп, тиісті қорытынды шығарады», - деді Бозымбаев Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 14 мамырда сағат 19.00-де бұзу жұмыстарын жүргізу барысында Қызылордадағы ЖЭО мұржасы «Алтын ЛТД» ЖШС-ның екі жұмысшысының үстіне құлап кетті. Олардың бірі облыстық медицина орталығына жеткізілді, екіншісі қирандылар астында қалып қойды. 15 мамырда сағат 3:45-те Оңтүстік өңірлік аэромобильді жедел-құтқару жасағының кинологиялық есептобы қиранды астында қалған екінші жұмысшының мәйітін тапты.