Әскери қызметшілердің жалақысы артады
Қазақстанда әскери қызметшілердің жалақысы 1 шілдеден бастап 25 пайызға артады. Бұл туралы бүгін Ақордада бірқатар әскери қызметшіні мемлекеттік наградамен марапаттау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының және Қарулы Күштердің 25 жылдығының құрметіне орай мен Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің, Ұлттық гвардияның және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын бірінші шілдеден бастап 25 пайызға көтеру туралы шешім қабылдадым», – деді Президент салтанатты шара барысында. Мемлекет басшысы марапатқа ұсынылып отырған әскери қызметшілердің азаматтық, әскери парыздарын абыроймен атқарып жүргендерін және олардың әр ісі мен ерлігі келер ұрпаққа үлгі-өнеге екенін баса айтты. «Кез келген Тәуелсіз мемлекеттің Қарулы Күшінің, құқық қорғау органдарының болуы қажет екендігін білеміз. Сондықтан мемлекет қиындықтарға қарамастан әскери қызметшілердің материалдық-техникалық базасын күшейту және жағдайларын жасау үшін барлық шараны қабылдап отырады», – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
https://egemen.kz