БОЗЫМБАЕВ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН МҰНАЙДЫҢ ҚОЛАЙЛЫ БАҒАСЫН АТАДЫ
ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев ағымдағы кезеңде Қазақстан үшін мұнайдың қолайлы бағасын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Барлық мұнай өндіруші елдермен трендте болғымыз келеді. Біз үшін 50 доллардан төмендемегені маңызды. Бюджет Brent маркасының 50 доллар құнымен белгіленді, сондықтан да мұнай өндіруді ұстап тұру бойынша аталған келісімді ұзарту мүмкіндігі тұрғысында келіссөздерді жүргізетін боламыз»,-деді Бозымбаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетейік, бүгін таңертең 1 баррель мұнайдың құны 48,5 доллар болды. Осы орайда ол Қазақстан ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін тағы 6 айға шектеу ұсынысын талқылап жатқанын айтты. «Бұл мәселені талқылаймыз. Бірақ олардың келісіміне қандай шартпен қосылатындығымыз, қандай көлемді шектейтіндігіміз белгісіз. Осы мәселені талқылау үшін министрліктен мен немесе менің орынбасарларым 24-25 мамырда Венаға барады», - деді Бозымбаев.
Биылғы наурыз айында ҚР Энергетика министрі тақтатас мұнайын өндіру көлемінің артуы экспорттаушыларға тиімсіз екенін атап өткен болатын. Егер де мұнай құны барреліне 60 доллардан асса, онда АҚШ-та тақтатас мұнайын өндіру көлемі елеулі көлемде артуы ықтимал.